Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Nur Otan»: Коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындарды қабылдау өтті

«Nur Otan»: Коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындарды қабылдау өтті

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалында сот орындаушылар мен коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындардан түсіп жатқан шағымдар бойынша қабылдау өтті.
Тұрғындарды қабылдауға қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда облысындағы басқармасы мен Әділет департаментінің өкілдері, сот орындаушылар қатысты.

Қабылдауға алдын ала жазылған сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы хабардар болған азаматтар да келіп көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Солардың бірі көпбалалы ана Н.Тәуекелова қайтыс болған жолдасының қарызы бар екенін және оны банк өзінен өндіруді талап етіп отырғанын айтты. Аталған мәселе бойынша тиісті сала өкілдері тұрғынға жолдасының мұрагерлігі туралы құжат берілмейінше оның несиесін төлеуге еш негіз жоқ екенін және жолдасының зейнетақы қорындағы қаражаты берілген жағдайда банк алдындағы қарызды толық өтеуі қажет екенін түсіндірді.

Қабылдауға келген келесі тұрғын 3 банктен онлайн несие алып, карантин кезінде оны өтей алмағанын айтты. Қазіргі таңда оның қарызы 650 мың теңгені құрайды. Құжаттары коллекторлық қызметке өтіп кеткендіктен барлық есепшоттары бұғатталған. Жаны қиналған тұрғын несиені жағдайы келгенше төлейтіндей етіп, төлем кестесін жасап берсе деген өтініш білдірді. Мәселені зерделеу барысында өтініш иесі құжаттары қандай коллекторлық мекемеге өткізілгендігінен де бейхабар екендігі анықталды.

«Бүгінде облыс бойынша 150-ге жуық коллекторлық мекемелер тіркелген. Олардың қайда орналасқандығын іздеп табу да сізге қиындық туғызады. Алдымен коллекторлық компанияны анықтап, олардың электрондық мекенжайына мәселеңізді жазбаша өтініш ретінде жазуыңыз қажет», – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің облыстағы басқарма өкілі Мұрат Салманов.

Жалпы қабылдауға несие алып, кейін оны төлей алмағандықтан еңбекақы, жәрдемақы алатын есепшоттарының бұғатталып қалғанына шағымданып бірнеше тұрғын келді. Әрине, заң баршаға ортақ. Сол себепті де азаматтардың барлығына тек заңнамалық тұрғыда кеңестер беріліп, оларды шешудің нақты жолдары түсіндірілді.

Айта кетейік, облыс бойынша ағымдағы жылдың 2 айында партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 635 азаматтан өтініш түсіп, олардың 45 пайызы оң шешімін тапқан.


kyzylorda-news.kz
16 наурыз 2021 ж. 376 0