Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы әкімі М.Оразбаевтың Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтауы

Арал ауданы әкімі М.Оразбаевтың Қазақстан халқының Бірлігі күнімен құттықтауы

Қадірлі жерлестер!Сіздерді татулық пен келісім мерекесі – 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс арасындағы ынтымақ пен бірлікті, келісім мен достықты дәріптейтін ең салтанатты мереке. Ежелден «Бірлік түбі — береке» деген елміз. Сондықтан аталған мерекенің Тәуелсіздік тарихында да алар орны ерекше. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің бағы жанып, дәулеті тасып, экономикасы өркендеп жатса, бұл бәрінен бұрын халық арасындағы татулық пен ұлттар тұтастығының, қоғамдағы ынтымақ пен тыныштықтың
арқасы.
Осы құндылықтардың арқасында Қазақстан іргелі әлеуметтік- экономикалық табыстар мен саяси тұрақтылыққа қол жеткізді. Бүгінде әлемді жайлаған індет біздің еліміз үшін де үлкен сын болып отыр. Осындай қиын-қыстау сәттерде бірліктің құндылығы арта түспек. Өйткені ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.
Қазір мемлекетіміз бен қоғамымыз қауіпті дертке қарсы бірлесіп күресуде. Өзіміздің өңірде де өзара түсіністіктің, қамқорлықтың үлгілерін көріп отырмыз. Көптеген кәсіпорындар, бизнес өкілдері мен еріктілер көмек қолдарын созып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қиын кезеңнен қиналмай шығуларына көмектесуде. Бұндай өнегелі істер қуантады және көңілге медет ұялатады. Абай һәкім «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деп осындайда айтса керек.
Осы орайда еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыұлттық бірліктің шаңырағы болып, көптеген елдер үшін ынтымақтың ерекше үлгісіне айналды.
Ардақты ағайын!
Сіздерге айтулы мереке қарсаныңда бақ-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы
еңбектеріңізге мол табыс, отбастарыңызға амандық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болсын!
Отанымыздың, еліміздің мерейі үстем, болашағы жарқын болсын!

Ізгі ниетпен, Мұхтар ОРАЗБАЕВ, 
аудан әкімі
01 мамыр 2021 ж. 484 0