Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз-өзіне қызмет көрсету кабинеті ашылды

Өз-өзіне қызмет көрсету кабинеті ашылды

Әр дәуірдің өз талап-тілегі бар. Жаһандану дәуірі есік қаққалы жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшкен. Заманның көшінен қалмау – уақыт талабы. Осы тұрғыда қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізеді. Сонымен қатар IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. Осыған орай халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысы оңтайландырыла бастады. Ауылдық жерлерде өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы қарастырылған. Мұнда ауыл халқы халыққа қызмет көрсету орнынан алатын барлық қызмет түрін ала алады. Ал алғаш рет Жақсықылыш кентінде өз-өзіне қызмет көрсету кабинеті ашылды.

Кент әкімі Пазылбек Берсүгіров  әкімдік жанынан өз-өзіне қызмет көрсету кабинетін ашуға ықпал жасады. Кабинет ішіне қызметтерді тиімді әрі тез алудың жолдарын насихаттайтын тақтайшалар ілініп, қажетті техникалық құрылғылармен толық қамтылған. Аталған кабинет жұмысымен танысу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығының Арал ауданы бойынша басшысы Л. Ибраимова арнайы барды.
– Қазір заман талабы осы. Бұрынғы қағазбастылықтан арылып келеміз. Бұрындары кент тұрғындары бір құжатты алу үшін аудан орталығын барып, қаншама қаражат шығындайтын еді. Енді осында келіп, бізде көрсетілетін барлық қызмет түрін алуға мүмкіндік болғанына қуаныштымын, – деді ол.
Аталған кабинетте Халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы тәжірибеден өткен Назым Қаржаубаева қызмет көрсетуде. Кабинеттің жұмыс жасап жатқандығын естіген кент тұрғындары қызмет алу үшін қуана келді. Солардың бірі – Асылзат Қонысов. Ол баласын балабақшаға тіркеу үшін келіпті.
– Ауылдан мұндай қызмет көрсету орны ашылғандығына қуаныштымыз. Бұған дейін осы бір құжат үшін Арал қаласына барамыз. Жұмысымыз бір күнде бітсе жақсы, бітпесе, екі-үш мәрте сандаламыз. Мұның бәрі уақыт пен қаражатты шығындауға әкелетін еді. Енді, міне, бір күн жүретін жұмысты жарты сағатқа да жетпейті уақытта аяқтап қайтып барамын,– деді. 
         65 жылдан бері кенттің тұрғыны болған Айтуған Смағұлов ақсақал да халыққа қажет мұндай игі бастаманың жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді. Мұнан соң, Л. Ибраимова кенттегі №19 орта-мектептегі өз-өзіне қызмет көрсету бұрышының да жұмысымен танысып қайтты. Шыны керек, қазіргі күні Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына жүгінбеу мүмкін емес. Осы ретте шалғайдағы ауыл халқы үшін мұндай қызмет көрсету орындарын ашуалдағы уақытта барлық ауылдарда жалғасын табатын болады.
«Толқын» ақпарат
06 мамыр 2021 ж. 774 0