Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды қос мерекемен құттықтады

Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды қос мерекемен құттықтады

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды қос мерекемен құттықтады.
Құрметті Отан қорғаушылар, ардақты ардагерлер!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 76 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қос мерекенің қатар келуі де заңдылық тәрізді. Кешегі жау оғынан қорғаған майдангерлерімізге, бүгінгі еліміздің айбынын асқақтатар әскерімізге қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кез келген елдің егемендігі экономикалық және саяси ғана емес, сонымен бірге, әскери әлеуетпен қамтамасыз етілгенде ғана нағыз тәуелсіздікке айналады десе, Мемлекет Басшысы, Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Біз Отан Қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін қатар атап жүрміз. Өйткені, бұл мерекелер рухы жағынан бір-бірін толықтыратын, ұрпақтар сабақтастығына ұласқан мерекелер. Әр отбасында сұрапыл соғысқа қатысып, елі мен жерін, ұрпағының бейбіт өмірін қорғаған өз батырлары бар. Мен де майдангердің ұрпағы ретінде бұл күннің қадір-қасиетін жоғары бағалаймын. Бұрындары түрлі кездесулер өткізіп, алаңдарда, мәдени ғимараттарда концерттер беріп мерекелеп жататынбыз. Былтырдан басталған пандемия бұрынғыша атап өтуге мүмкіндік бермей отыр. Биыл коронавирус бәсеңдесе, майдангерлеріміздің үйіне құттықтап барамыз, мәңгілік алуға гүл шоқтарын қоямыз деген едік. Өкінішке қарай, бірнеше аптадан бері “қызыл, сары аймақтарда” болуымыз оған кедергі жасап отыр. Дегенмен, «NurOtan» партиясы облыстық филиалының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыс көлемінде «Мың алғыс Сізге, майдангер» арнайы хэштегпен ақпараттандырылған шаралар шеруі басталып, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар, этнос өкілдері онлайн түрде ықыластарын білдіруде.

Ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы. Жыл өткен сайын майдангерлеріміздің қатары да сиреп барады. Қазір облысымызда Ұлы Отан соғысының 11 ардагері бар. Толық атап кетсем деймін. Бес ардагер – Жүнісов Төлеген, Бәйтіков Әбдрахман, Колесник Любовь Сергеевна, Әбішев Әбдраман, Сатыбалдиев Әбдірауық Қызылорда қаласында, 3 ардагер – Бектұрғанов Қалеп, Смағұлов Қабақ, Тобабергенов Тілеуберген Қазалы ауданында, ал, Жанасов Талжан Байболұлы Арал ауданында, Тасыров Яхия Сырдария ауданында, Байжанов Сәрсенбек Шиелі ауданында тұрады. Оларға облыстық бюджеттен біржолғы материалдық көмек 1 млн теңге, жергілікті бюджеттен біржолғы әлеуметтік көмек 116,6 мың теңге төленуде.

ҰОС жылдарындағы тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталғандарға (35 адам) 1 адамға облыстық бюджеттен 100,0 мың теңгеден, аудандық/қалалық бюджеттен 87,5 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.

Екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң, қатысушылардың әйелдерiне (күйеулерiне) (49 адам) 1 адамға 100 мыңтеңгеден, ҰОС жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген азаматтарға (3661 адам) әрқайсысына 100,0 мың теңгеден облыстық бюджеттен біржолғы әлеуметтік көмек төленуде.

Қымбатты Отан қорғаушылар! Ат жалын тартып мінген азамат үшін Отан қорғаудан қасиетті міндет жоқ!

Пандемияның шарықтау шегінде алдыңғы шепте жүріп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білдіңіздер.

Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл. Тәуелсіздік құндылықтарының қорғалуы ең көкейтесті мәселе. Сондықтан, ата-бабаларымыз аманат еткен атамекенімізді, туған Отанымызды, жерімізді, халқымызды көзіміздің қарашығындай қорғай білейік. Бейбіт күннің бағасын білейік. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын тілейік.

Қайыспас қайсар майдангерлеріміз, айбынды Отан қорғаушыларымыз! Сіздерді мерейлі мереке – Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күндерімен тағы да шын жүректен құттықтаймын!

Өнегелі ғұмыр сүріп, бейбітшілік, болашақ үшін тер төгіп, қанын да, жанын да аямаған ардагерлерімізге алғысымызды айтамыз. Олардың майдан даласындағы ерен ерліктері бүгінгі ұрпағы үшін нағыз өнеге, тәлім-тәрбие.

Бар өмірін әскери іске арнап, ыстық-суық демей, күн-түн демей, елін, жерін қорғап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген әскерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Еліміздің айбынын асқақтатар ер-азаматтарымыз, сардарлар мен сарбаздарымыз аман болсын!

Тәуелсіз Қазақстан жасасын!

kyzylorda-news.kz
07 мамыр 2021 ж. 295 0