Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Жеңіс күні мерекесіне арналған құттықтады

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Жеңіс күні мерекесіне арналған құттықтады

Құрметті жерлестер! Ардақты ағайын!
Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін адамзат тарихына өшпес сыз қалдырған екінші дүниежүзілік соғыс дүмпуі басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 76 жыл толды. Бірақ сол сұрапыл жылдардың естеліктері жадымыздан өшкен жоқ, қайта жыл өткен сайын ұрпақтан ұрпаққа, жүректен жүрекке жетіп, жаңғыра түсуде. «Тау алыстаған сайын биіктейді» деген осы болар!
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, соғыс қасірет пен қайғыны еске түсірумен бірге, қан майдандағы шайқастар мен ерен ерліктердің де естелігі. Бұл – Жеңіс жаңғырығы!
Жыл сайын мамыр айында біз майдан даласында жанқиярлықпен шайқасқан, тылда жанкешті еңбек еткен жандарға ерекше құрмет көрсетіп, соғыстан қайтпай қалған майдангерлерлерді еске аламыз. Біз аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың қайсарлығын, қажыр-күшін, биік рухын бағалай отырып, бізге ашық аспан, бейбіт күн сыйлаған ерліктерін мәңгі есте сақтаймыз.
Қазіргі таңда ардагерлер қатары сиреп, аудан бойынша Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгері, ардагер Жанасов Талжан атамыз бен ерен еңбектің үлгісі болған тыл еңбеккерлері ортамызда.
Жеңіс пен бейбітшілікке лайықты ұрпақ бола білу, қол жеткен жетістіктердің бағасын біліп, оны еселей түсу – біздің басты міндетіміз.
Құрметті ардагерлер!
Осы мерейлі мерекеде барлық ізгі тілектер өздеріңізге арналады.
Сіздердің арқаларыңызда қол жеткізген «Жеңіс» кешегі күннің ғана емес, болашақтың да жеңісі. Ол соғыстан кейінгі жылдардың қиындығын еңсеруге мүмкіндік беріп, бүгінгі күні де қоғам өміріне белсене араласуға, жастарды Жеңіс рухында тәрбиелеуге күш беріп келеді.
Сіздердің өмірлік бай тәжірибелеріңіз үшін, бізге жол нұсқағандарыңыз үшін, үнемі қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамыз.
Денсаулықтарыңыз мықты, жастарыңыз ұзақ болып, жақын жандарыңыздың құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене беріңіздер!
Бейбіт өміріміз үшін, бұлтсыз аспанымыз үшін Сіздердің алдарыңызда тағзым етіп, басымызды иеміз!
Қадірлі ағайын!
Халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ерен үлгісі болған Жеңістің 76 жылдығы тағы да құтты болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт тілеймін!
Жеңістің туы желбіреп, еліміздің абыройы арта берсін!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев
09 мамыр 2021 ж. 1 281 0