Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қауіпсіздігі: Мамин министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді

Бала қауіпсіздігі: Мамин министрліктер мен әкімдіктерге тапсырма берді

Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырма берді.
«Өздеріңізге мәлім, бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні. Әр баланың балалық шағы бақытты, қамқорлыққа толы болуы керек. Сондықтан 2022 жылы Балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізуді қамтамасыз ету қажеттігін қолдаймын. Ол халықаралық талаптарды ескере отырып, барлық өмірлік маңызды салалар, яғни қауіпсіздік, денсаулық, білім, материалдық игілік, балаларды әлеуметтендіруді қамтуы тиіс», – деді ол.
Үкімет басшысы осы индекстің көмегімен мемлекеттік органдардың балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысының нәтижелілігі қадағалануы керегін айтты.
Сонымен қатар Мамин маңызды мәселелерге тоқталды.
«Бірінші – балалардың білім беру ұйымдарында, көшеде, демалыс кезінде қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысы тиісті оқу-жаттығу мен түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, төтенше жағдайларда мұғалімдер мен балалардың іс-әрекеті алгоритмін пысықтауды тапсырғанын білесіздер», – деп атап өтті Премьер-министр.
Мамин Білім, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне білім беру және мектептен тыс білім беру объектілерінде тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бойынша жол картасын 2 апта ішінде әзірлеуді тапсырды.
«Бейнебақылау жүйелері мен олардың Полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, «дабыл түймесінің» болуына және жедел ден қоюға ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шаралар оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Екінші – балалар денсаулығы. Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын», – деп тапсырма берді ол.
Мамин тапсырғандай, мектеп медицинасын, ерте дамыту мен скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационары мен емханалардың материалдық-техникалық базасын дамыту қажет.
«Үшінші мәселе – демалыспен және спортпен қамту. Ең алдымен әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды және тиісті қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Өңірлердің әкімдеріне балалардың қауіпсіздігі, демалысы мен денсаулығы мәселелерін ерекше бақылауға алу қажеттігін тағы да атап өтемін», – деп түйіндеді Мамин Үкіметте.

kyzylorda-news.kz​​​
01 маусым 2021 ж. 431 0