Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰҰ Бас хатшысы отандық QazVac вакцинасына қатысты ойын айтты

БҰҰ Бас хатшысы отандық QazVac вакцинасына қатысты ойын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Видео конференция түрінде өткен кездесуде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды, деп хабарлады Ақорда.

Қос тарап пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударды.

Президент Антониу Гутерриштің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кандидатурасын Қазақстанның қолдайтынын айтты.

QazVac өндірісі
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Оның ішінде QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі, осы жылдың соңына дейін халықтың 55%-іне екпе салу жоспарын жеткізді.

Антониу Гутерриш коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады.

БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады. Бұл әсіресе пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр.

Дүниежүзілік климат және Семей полигонына қатысты конференция
Қазақстан президенті биыл қарашада Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.

Ал Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені ілгерілетудегі көшбасшылығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамызда елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды.

Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаласты.

kyzylorda-news.kz
04 маусым 2021 ж. 303 0