Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі бағдарлама бекітілді

Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде ХАҚҚ Атқарушы комитетіне ХАҚҚ мемлекеттері басшыларының шешімдеріне инвентарлау жүргізуді ұсынды. Р. Скляр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ‒ Елбасы Н. Назарбаевтың қордың жұмыс істеп тұрған институттары негізінде ХАҚҚ-тың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру, Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру жөніндегі ұсыныстарын іске асыру қажеттігін атап өтті.
Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту қажеттігі тұрғысынан Қазақстан өңірлік ұйымдардың, оның ішінде «Сырдария» және «Әмудария» бассейндік су шаруашылығы бірлестіктерінің рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ өңірдің барлық елдерінің қажеттіліктері мен мүдделерін қамтамасыз етуді ескере отырып, су-энергетика ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың пәрменді тетігін әзірлеу ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Тәжікстанның төрағалығы кезеңіне арналған ХАҚҚ Атқарушы комитетінің жұмыс жоспары қабылданды, сондай-ақ «Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы» (АБКБ-4) бекітілді.
АБКБ - су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғауға, Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен әлеуметтік-экономикалық дамытуға, сондай-ақ ХАҚҚ институционалдық-құқықтық тетіктерін жетілдіруге қол жеткізуге бағытталған өңірлік бағдарлама.
Сонымен қатар ХАҚҚ басқармасының отырысы аясында Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ш. Ғаниевпен екіжақты кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ қолайлы вегетациялық кезеңді өткізу бойынша пікір алмасты.