Аққұлақ ауылында әр үй таза ауыз сумен қамтылды
Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданымызға жасаған жұмыс сапары барысында Аққұлақ елді мекеніндегі ағайынның қуанышымен бөлісті.
Ауыз су желісін іске қосу рәсіміне қатысқан аймақ басшысы:
– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде халықтың әлеуметтік мәселесін шешу үшін кешенді жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдарға су жеткізу мәселелері шешімін тапты. Бүгін міне, елорда күні қарсаңында ел игілігі үшін жаңа ауыз су желісін іске қосамыз. Қуаныштарыңыз көбейе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді.
Сөз тізгінін жалғаған ауыл ақсақалы Кенжебай Орынбасаров көпшілікті игі жаңалықпен құттықтап, атқарылған жұмыстарға алғысын білдірді.
Иә, аққұлақтықтар үшін бүгінгі күн үлкен мереке. Себебі, бұған дейін көше бойындағы шүмектен су тасып ішкен тұрғындар енді бұл бейнеттен түбегейлі арылғанына дән риза.
Қайта жаңғырту жұмыстары барысында ауыл ішінде 4785 метр магистральді су желісі тартылып, жергілікті 46 тұрғын үй және 4 мекеме ауыз су игілігіне кенеліп отыр. Сонымен бірге, ескі су айдау стансасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, әр үйге су есептегіш қондырғылары орнатылды.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған жұмыстарды мердігер «Мелиоратор» ЖШС абыройлы атқарып, 273 тұрғыны бар елді мекенінің сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі