Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жалға берілетін 54 тұрғын үй салынып жатыр

Қызылордада жалға берілетін 54 тұрғын үй салынып жатыр

Қызылорда облысында жалға берілетін 54 көпқабатты үй салынып жатыр. Онда барлығы 945 пәтер орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 590 пәтерлі көпқабатты 12, Шиелі ауданында 72 пәтерлі 4, Сырдария ауданында бір қабатты 33 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде жалға берілетін 695 пәтерлі 49 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде, 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 463 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға бөлінеді.
Биыл аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 342 пәтер сатып алу мақсатында Ұлттық қордан қаржы бөлінді. Оның ішінде Қызылорда қаласында - 192, аудандар бойынша Аралда - 35, Қазалыда - 35, Қармақшыда - 10, Жалағашта - 20, Сырдарияда - 10, Шиеліде - 20, Жаңақорғанда - 20 үй сатып алынады. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласында жалға берілетін 250 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Бұл мәліметтер облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен тұрғын үй құрылысы мәселелері жөнінде жиында талқыланды.
Жиын барысында облыс әкімі Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевқа жылумен жабдықтаудың сыртқы желілерінің құрылысын 15 қыркүйекке дейін толық аяқтауды, қысқа мерзімде барлық тұрғын үйлерді абаттандыру мәселесін шешуді міндеттеді. Соның нәтижесінде қазан айынан бастап кезекте тұрған азаматтарды қоныстандыруды қамтамасыз етілуі тиіс. Ал, Сырдария ауданына қарасты елді мекендердегі жалға берілетін 33 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, аз қамтылған көпбалалы отбасыларды кезегі бойынша қоныстандыруды 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет. Ал Шиелі кентіндегі 72 пәтерлі 4 жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тұрғындар онда желтоқсан айына дейін қоныстануы тиіс. Байқоңыр қаласындағы 5 үйдің құрылысын бақылауға алынып, аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін пәтерлерді сатып алудың биылғы жоспарын орындау қажет.
Жиында облыс әкімі тарапынан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 50 пәтерлік үйдің құрылысын аяқтау және апатты үйлердің тұрғындарына пәтерлерді кезегі бойынша 1 қыркүйекке дейін бөлуді қамтамасыз ету және несиелік тұрғын үйлердегі сатылмаған пәтерлердің санын анықтап, апатты үйлердің тұрғындарына қайта бағыттау тапсырылды. Сондай-ақ, Арал ауданындағы апатты үйлерде тұратын 14 отбасын үймен қамту бойынша ұсыныс енгізу қажет екенін айтылды.
Соңғы алты айда құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының күн сайын қарқынды өсуі байқалады. Жүргізілген талдаудың нәтижесінде құрылыс материалдарының бағасы смета бағасынан едәуір асып түсетіні анықталды. Яғни, материалдардың бағасы қолданыстағы смета бағаларымен салыстырғанда орта есеппен 96% өскен.
Облыс әкімі 10 пайыздан астам қымбаттаған барлық салынып жатқан құрылыс нысандарына талдау жүргізуді міндеттеді. Оған қоса смета құнын ұлғайтуды талап ететін нысандар бойынша қаржылық аудит жүргізу үшін барлық қажетті құжаттарды әзірлеуді ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілді.

21 шілде 2021 ж. 418 0