Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қыркүйекте балалар мектепке барады

1 қыркүйекте балалар мектепке барады

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын көптің көкейіндегі сұрақ көбейе түсті. Ең алдымен, «биыл оқушылар мектепке бара ма?» деп алаңдайды ата-аналар. Әлеуметтік желі бетінде әртүрлі әңгімелер желдей есіп тұр. Әйтсе де білім ошақтарының оқу жылына дайындығы, сондай-ақ, күн сайын үрейді үдетіп тұрған эпидахуалға байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы құзырлы орындардың назарында. Көңілге қонымды жаңалық – 1 қыркүйекте балалар мектепке барады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жаңа оқу жылының дайындығы туралы жан-жақты баяндап берді.
– Жаңа 2021-2022 оқу жылына дайындық жұмыстары қазіргі таңда жоспарға сәйкес жүргізілуде. Алдағы оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 173 796 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде бүгінгі мәлімет бойынша1 сыныпқа 17 746бала қабылданды. Алдағы уақытта жаңадан 10 жеке мектеп ашылу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда барлық мектептегі кітаптар ата-аналарға түгелімен таратылды.  Ерекше айта кететін жаңалық – биыл 1 сынып оқушылары үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығы қайта оралды. Бұл оқулықтар 1 қыркүйек күні балаларға салтанатты түрде табысталады. Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, алғашқы қоңырау салтанатына тек бірінші сынып оқушылары қатысады.
Аймақтағы эпидахуалға байланысты барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптарды сақтау мақсатында қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл орайда барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары «ASHYQ» қосымшасына қосылды. Жалпы  бүгінгі таңда облыстағы 294 мектеп пен 669 балабақша «ASHYQ» қосымшасы арқылы қызмет көрсетеді – дейді басқарма басшысы.
Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы жөнінде айтар болсақ, Жалағаш ауданындағы №118 мектепке «Ауыл ел бесігі» жобасы арқылы, ал №124 мектепке облыстық бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2021 жылы облыста 6 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 4 мемлекеттік,  2 жеке мектеп құрылысы. Оның ішінде  Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пен 2 жеке мектеп жаңа оқу жылына пайдалануға берілсе, қалған 3 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бүгінгі  күні облыс бойынша 304 мектеп  (294- мемлекеттік, 10 жеке)  толығымен  бейнебақылау  камераларымен  қамтылған. Айталық, өткен жылы  облыстық  бюджеттен  білім беру ұйымдарына  жаңа  стандарттағы  бейнебақылау камераларын орнатуға қаржы бөлініп, аудан  орталықтарындағы 56 мектеп полиция бөлімдеріне, Қызылорда  қаласындағы   14  мектеп   жедел  басқару  орталығына  қосылған болатын. Ал биыл осы мақсатта қосымша қаржы бөлініп, нәтижесінде 35 мектеп бейнебақылау  жүйесімен   жабдықталып,  жедел   басқару  орталығына   қосылады. Қазіргі таңда облыстағы  110  мектепте ювеналды  полиция  қызметкері   жұмыс  атқарады. Сондай-ақ, қала  орталығындағы  42  білім  беру  ұйымдарында турникет, мамандандырылған күзет және дабыл  түймелерімен қамту шаралары қыркүйек айына дейін жүзеге асырылады.
Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл бойы өтетін форматқа ауыстырылған. Сонымен қатар, «Ата мекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы құрылған. Осы портал арқылы демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты онлайн-аудара отырып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуіне мүмкіндігі бар. Бұл платформа тұрақты түрде жұмыс жасай отырып, жаңа тәсілдер арқылы көмек көрсетудің мәдениетін қалыптастыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді деген болжам бар.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы аз қамтылған отбасынан шыққан, көмек қажет ететін 500 баланың тізімі жасақталып, демеушілер тарту,  көмек көрсету жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал мектеп формасы туралы айтар болсақ, қалыптасып отырған жағдайға байланысты биылғы оқу жылында да мектеп формасымен қатар классикалық үлгідегі киіммен баруға рұқсат етіледі.
«Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 2021–2022 оқу жылына дайындығы туралы айтар болсақ, жаңа оқу жылында облыста 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (бұдан әрі – колледждер), оның ішінде  17 – мемлекеттік, 13 – мемлекеттік емес колледждер қызмет көрсетіп отыр. Колледждерде барлық студенттер контингенті – 19775, оның ішінде мемлекеттік колледждерде -10742, жекеменшік колледждерде – 9033. Ал колледждердің күндізгі бөлімінде білім алатын студенттер контингенті 18257ні құрайды.
Облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген комиссия шешімінің аясында биыл жергілікті бюджет есебінен өңірімізге қажетті сұранысқа ие мамандықтар бойынша 3108 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оған қатысатын колледждер тізбесі де нақтыланды. Ал сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында  «Жас маман»жобасы жүзеге асырылуда.
Аймағымызда 29 843 педагог бар болса, қазіргі таңда вакцина қабылдау 95,7 пайызға орындалып, ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Айта кетейік, бұл – балалардың саулығы үшін қабылданған басты шаралардың бірі.

Ғазиза ӘБІЛДА

syrboyi.kz
06 тамыз 2021 ж. 430 0