Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысындағы 243 мектеп жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды

Қызылорда облысындағы 243 мектеп жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды

Қызылорда облысындағы 243 мектеп жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі пандемиямен күрес және экономикалық ахуал жөнінде өткен брифингте журналистердің сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Брифингте аймақ басшысына қойылған сауалдардың бірі жаңа оқу жылына қатысты болды.
«Жаңа оқу жылы таяп қалды. Осы ретте қашықтықтан оқыту мәселесіне дайындығымыз қалай және мектепке 1 сынып оқушыларын қалай қабылдайды?», – деген сауал жолдады облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ерхан Ақын.«Алдағы 1 қыркүйекте оқу жылы облыстағы 243 мектепте қашықтан оқыту форматында басталады. Қалған шалғай орналасқан және шағын жинақты 50 мектепте дәстүрлі оқытады деп жоспарлануда. Сонымен бірге, бастауыш сыныптардың оқушыларының ата-анасының өтініші бойынша тиісті мүмкіндіктерге қарай отырып, қатаң санитарлық шараларды сақтаумен кезекші сыныптар ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қашықтан оқыту форматы бойынша оқушылар мен педагогтардың электронды құрылғыларымен (компьютер, ноутбук, планшет, смартфон) және интернет, мобильді интернет байланысымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілді. Облыстағы 18 мың мұғалімге 18-22 тамыз аралығында арнайы оқыту курсы онлайн форматта ұйымдастырылады. Компьютері жоқ 300 мұғалімге кәсіподақ есебінен техникалық құралдар беріледі», деді – облыс әкімі.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова балаларды 1-сыныпқа қабылдауда медициналық анықтамалар уақытша талап етілмейтінін жеткізді. Қазіргі таңда ата-аналар мектепке балалардың құжаттарын 2 түрлі жолмен өткізе алады. Қағаз жүзінде мектепке тапсырылады. Ал, онлайн «egov» порталы арқылы іске асады.
Айта кету қажет, 1-сыныпқа құжат қабылдау 1-тамызға дейін іске асырылады. Қазіргі күні 16207 баланың құжаты қабылданған. Білім басқармасының ақпараттық анализі бойынша биыл 1-сыныпқа 19 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды.
kyzylorda-news.kz
29 шілде 2020 ж. 883 0