Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келесі оқу жылында "қашықтан" оқу жалғаса ма?: Білім министрі көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді

Келесі оқу жылында "қашықтан" оқу жалғаса ма?: Білім министрі көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді

Қазақстандағы жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйектен басталады. Алайда, білім және ғылым министрлігі сабақтың қандай форматта өтетінін әлі нақты білмейді, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.

Сондықтан ведомство оқушыларды оқыту үшін бірнеше нұсқаны әзірлей бастады: әдеттегі және қашықтан. Бұл туралы министрлік басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
"Келесі оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Бірақ, қандай форматта бастаймыз, менің ойымша, оны бүгінгі таңда ешкім айта алмайды. Ешкім де пандемияның екінші толқыны болатынын, қайталанатынын, біз қаншалықты тез қалпымызға келетінімізді біле алмайды. Сондықтан да, біз бірнеше нұсқаны дайындап жатырмыз.  Бізге барынша мұқият дайындалу өте маңызды", - деді ол Instagram-дағы тікелей эфир кезінде.
Министр, егер жаңа оқу жылын қашықтан бастау қажет болса, оған барынша дайын болу керек екенін атап өтті.
"Иә, бірінші толқынға төтеп бердік, біз қашықтан оқытуға көшкенімізді айтып отырмыз. Бірақ, ашық айтқанда, бұл біз көргіміз келген қашықтан оқыту емес. Бізде уақыт бар. Қандай жағдай болмасын, "қашықтан" оқытуға көшсек те немесе көшпесек те, одан кейін білім беру жүйесі осы сөздің жақсы мағынасында өзгеруі тиіс. Әр түрлі оқиғалардың дамуына дайын болу керек", - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, Қазақстанда қашықтан оқыту форматына өту үшін педагогтарды мұқият дайындауды бастайды.
"Қашықтықтан оқыту кезінде тәсілдер, нұсқаулықтар, мониторинг өзгереді. Курстар тек IT-құзыреттілікке қатысты болуы тиіс деп ойлауға болмайды. Сондықтан біз жазғы уақытты инфрақұрылымды, бағдарламалар мен педагогтарды дайындау үшін барынша пайдаланамыз. Біз оқиғалардың кез келген дамуына дайын болуымыз керек", - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты оқушылар мен студенттер қашықтықтан білім алып жатыр. Мектеп оқушылары үшін бітіру емтихандары тоқтатылды. 

28 сәуір 2020 ж. 618 0