Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» фотожобасы ұйымдастырылуда

«Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» фотожобасы ұйымдастырылуда

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастырумен «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты ақпараттық-насихаттық жобасы шілде айында бастау алды.
Жоба облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен өткізілуде. Жобаның серіктестігі болып облыстық іскер әйелдер қауымдастығы белгіленген.
«Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты фотожобаға қоғамдық қызметке белсенді, отбасында табысты, мансаптық өсу биіктеріне жеткен 30 әйел қатыстырылуда.
Аналар кеңесінің төрайымы, жобаның авторы, ұйымдастырушысы Рахима Ахметованың айтуынша, бұл жобаның ерекшелігі – Сыр өңірінің әйелдерінің тәуелсіздіктің қалыптасуына, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен рөлін нақты мысалдар арқылы көрсету.
Жоба барысында әрбір қатысушы әйелдің заманауи технологиялармен жасалған фотопортреті дайындалуда. Республикаға танымал, талантты фотограф Рамиль Магдеев қатысушылардың фотосессиясы және фотопортреттерін жасау жұмыстарымен айналысуда.
Айта кетсек, жоба – коммерциялық, бюджеттік немесе демеушілік қаражатты пайдаланбайды. Дегенмен, осы жобаға қатысқысы келетіндер жеткілікті.
Жобаның ерекшеліктері: облыста тұратын этнос өкілдеріне, сондай-ақ ауыл әйелдерінің қатысуына басымдылық берілген.
Бүгінгі таңда фотожобаның 5 түсірілімі өтті. Әр түсірілімде жас ұрпаққа қол ұшын беріп, биік ұстаным танытып, рухани жаңғыру жолында  еңбек еткен нәзік жандар, Тәуелсіздік жылдарында Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне және жалпыұлттық бірлік пен келісімді сақтауға сүбелі үлесін қосқан этнос өкілдері, өңірлік аналар кеңесінің мүшелері қатысуда. Олардың әрқайсысы өз саласының шеберлері, бірі ұлағатты ұстаз, бірі қайырымдылыққа толы ізгі жұмыстарды жасырын жасап жүрген кәсіпкер, бірі мемлекеттік салада мәртебелі қызметте жүрген жандар. Ал ең бастысы олар аяулы жар, асыл ана, ардақты әже.
Жобаның қорытындысы ретінде жоба қатысушыларының фотопортреттерінің көрмесі өткізіледі, сонымен қатар «Тәуелсіздіктің нәзік келбеті» атты форум ұйымдастырылады.

kyzylorda-news.kz
12 тамыз 2021 ж. 473 0