Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы сайланды (ФОТО)

Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы сайланды (ФОТО)

Қызылорда облыстық мекемелер үйінде облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен облыстық әйелдер кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Кеңес отырысында қаралған негізгі мәселе – облыстық әйелдер кеңесінің төрайымын қайта сайлау.
Осыған дейін бұл қоғамдық ұйымның басшысы болған Нұрсәуле Мусаева облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы ретінде жұмыс атқара беретін болды. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Облыстық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ақмарал Әлназарова Нұрсәуле Дүйсембайқызына облыс көлемінде отбасы мәртебесін арттыруға және отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттап, отбасы-демографиялық саясаттың жүзеге асуына қосқан қажырлы еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыстап, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесіндегі жұмысына жеміс тіледі.
Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымына облыстық мәслихаттың депутаты, көп жылдар облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы болған, білім саласы ұстаздарының кәсіподақ комитетін басқарған Райкүл Байназарова сайланды
Айта кетейік, Райкүл Мансұрқызы 1957 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, Қызылорда педагогикалық институтын, Алматы Заң академиясын бітірген. Математика пәнінің мұғалімі, заңгер.
Студент кезінде облыстық комсомол комитетінің бюро шешімімен 3 жыл студенттер құрылыс отрядтарының облыстық штабында комиссар қызметін атқарған.
Институт бітіргеннен кейін 1983 ж. дейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында студенттер кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қызмет жасады.
ОЛ 1983-1987 жылдары – ағарту, жоғарғы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің хатшысы болып сайланған.
1987 жылдан осы кезге дейін – білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрағасы болып қызмет жасап келді.
Облыстық маслихаттың ІІ (1999 жыл), ІІІ (2003 жыл), V (2012 жыл), VІ (2016 жыл) шақырылымының депутаты болып сайланған.
Отырыста қоғам қайраткері Д. Ақмағанбетова, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К. Ермағамбетова өз пікірлерімен бөлісті.
Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов Райкүл Мансұрқызын құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
09 ақпан 2020 ж. 1 028 0