Ұлы ақын ұлықталды
Моңғол елінің астанасы – Ұланбатыр қаласында Қазақстан Республикасы елшілігінің ұйымдастыруымен қазақтың ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының рухын ұлықтауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Мәдени іс-шараны ашып, сөз сөйлеген Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ж.Әділбаев ұлы ақынның рухани қазынасын көпшілікке таныстырып, дөңгелек үстелге қатысып отырған аталған елдегі диаспора өкілдері мен мәдени мекеме қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Басқосу барысында, баяндама жасаған Моңғолия Ғылым академиясының академигі Бакей Ағыпарұлы Абай – әлем таныған тұлға, деген пайымын жеткізді.
Жиын соңында Ұланбатыр қаласы Д.Нацагдорж атындағы орталық кітапхана меңгерушісі Д.Индира мен оқымысты-ғалым Т.Етекбайға абайтануға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табысталса, еларалық мәдени ағартушылық байланысты дамытуға, сонымен қатар қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттауға қосқан үлесі үшін Elite халықаралық мектеп директоры Б.Тамир, мәдениет қызметкері Ж.Рая, мұғалім Д.Белгібаева, «Алаш Моңғолия» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Ж.Барс бастаған тұлғалар Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
egemen.kz
© egemen.kz