Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі тамыз кеңесінде сала үздіктері марапатталды

Дәстүрлі тамыз кеңесінде сала үздіктері марапатталды

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Пандемия жағдайына сәйкес кеңес жұмысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық өкілдері ZOOM платформасы арқылы қосылды.

- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өздеріңізбен дәстүрлі тамыз кеңесінде кездесіп отырмыз. Тамыз конференциясы тек алқалы жиын ғана емес, білім саласының кешенді даму жоспарын айқындап, алдағы міндеттерді саралап, тың ой мен ерекше идеяларды ортаға салатын боламыз. Өздеріңізге белгілі, биыл Үкіметпен дәстүрлі форматта оқыту туралы шешім қабылданды. Өткен аптада және күні кеше қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын өзім көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын! Індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды! Сондықтан, облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл – күн тәртібіндегі біздің жұмысымыздың ең маңызды бағыты! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін жақсы білесіздер. Президенттің бастамасымен соңғы жылдары бұл салада реформалар сәтті жүзеге асырылды: педагогтардың мәртебесін көтеру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалды, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы биылдың өзінде 50%-ға көтерілді. Алдағы екі жылда еңбекақы екі есеге дейін өсетін болады. Осы жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 32,2 млрд тенге қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылы білім саласының бюджеті 185 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артты. Сәйкесінше, жаңа реформаға сәйкес мұғалімдерге қойылатын талап та күшейді.

Жиында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева сөз сөйлеп, білім саласындағы маңызыды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы білім сапасының айырмашылығы, инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыру секілді ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар аймақ педагогтарының басқосуында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жылының басты міндеті», «Talap» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Санжар Тәтібеков «Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыттары» тақырыптарында баяндама жасады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

Салтанатты шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше еңбек сіңірген үздіктер марапатталып, ауданымыздағы №19 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сембайқызына облыс әкімінің алғысы табыс етілді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен ауқымды тамыз кеңесі аясында ауданымызда еңбегімен озық шыққан ұстаздар мен білім саласының майталмандарын марапаттау рәсімі өткізілді.

Ұлағатты ұстаздарды жаңа оқу жылына бастайтын тамыз кеңесінде сөз алған аудан әкімі Серік Сермағамбетов ауданның білім саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.

- Дәстүрге айналған Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Жаңа ғана өздеріңіз танысып өткен онлайн жиынның барысында білім беруді дамытудың өңірлік бағдарламалары аясында облыс көлемінде атқарылған бірқатар негізгі жұмыстардың куәсі болдыңыздар. Әрине, атқарылған жұмыстардың артында ардақты ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің жатқаны сөзсіз. Әсіресе, Сіздердің өткен оқу жылындағы қашықтан оқыту үдерісіндегі түрлі реформаларға тез икемделіп, оқушыларыңызбен онлайн, оффлайн қарым-қатынас орнатудағы кәсіби шеберліктеріңізді ереше атап өткеніміз жөн. Енді биылғы оқу жылының басты жаңалығына келер болсақ, "Білім күнінде" 1-сынып табалдырығын аттайтын ауданның 1742 бүлдіршініне педагог-ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» («Букварь») оқулығы жол тартпақ. Бұл көптің көкейінде жүрген маңызды мәселелердің бірі болатын. Жоғарыда атап өткенімдей, ұстаздардың еңбегі мен қарым-қайраты, төккен тері шәкірттерінің жетістігімен айқындалады. Өткен оқу жылында 11 - сыныпты бітірген 874 оқушының 518-і (59 %) жоғарғы оқу орындарына түсті. Оның ішінде мемлекеттік грант иегері атанғандар саны 347-ні құрап отыр,- деді аудан басшысы.

Одан әрі сала үздіктерін марапаттаған аудан әкімі Ж.Әбдірашев атындағы № 62 мектеп-лицейінің директоры Жасұлан Айтжановқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісін табыстады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен Н.К.Крупская атындағы № 14 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шохан Төлепов, № 21 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Рысжан Әліпов, № 83 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перуза Жарылқапова, № 220 орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Гүлбану Абатова, Ұ.Қараманов атындағы № 262 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Сермаханова, №260 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айда Кемалова, № 231 орта мектебінің директоры Серік Жұмалиев марапатталды. Ал, № 71 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Батимова, № 64 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Алтынгүл Әнесова, «Жауқазын» балабақшасының меңгерушісі Күміс Сәнкібаева, № 66 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лепес Ібаев, Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Әлімханова, № 200 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айткүл Якудаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, Арал ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы Ғалия Сейітова облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар № 61 орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Гүлмира Смағұловаға, «Жазира балабақшасының» меңгерушісі Күлшат Жалғасбаеваға және Арал ауданының өнер мектебінің сольфеджио пәнінің мұғалімі Гүлнұр Жұмағалиеваға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.









Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

26 тамыз 2021 ж. 434 0