Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова Корея республикасының Бас консулымен кездесті

Гүлшара Әбдіқалықова Корея республикасының Бас консулымен кездесті

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Ким Хынг Су мырзамен кездесіп, екіжақты әріптестік мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында аймақ басшысы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуына биыл 29 жыл толғанын атап өтіп, елімізге қоныс аударылған корейлердің ұрпақтары Сыр елінің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүргенін де айтты.
«Өзіңізге белгілі, биыл тамызда Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер істері жөніндегі Министрі Хван Ги Чхоль бастаған делегация өкілдерімен Кореяның даңқты ұлы Хон Бом Доның сүйегін еліне шығарып салу рәсімін жоғары дәрежеде өткіздік. Сонымен бірге, биылғы жылдың қараша айында облыстық делегацияның Корея Республикасына іссапары жоспарлануда. Іссапар аясында Чоллабук-до және Тэджон провинцияларының экономикалық әл-ауқатымен танысып, өзара ынтымақтастықты дамыту туралы екіжақты келіссөздер жүргізуге мүдделіміз. Бұл сапар Қызылорда облысы мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туристік байланыстарды одан әрі нығайтуға оң ықпал жасайды деп сенеміз», – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Кореяның Бас консулы аймақ басшысына алғыс айтып, тиімді әріптестік орнату жөнінде қызығушылық білдірді.
«Сыр өңірі – қасиетті өлке, тарихи өңір және біздің халқымыз үшін бұл аймақтың маңызы зор. Біздің Чоллабук-до провинциясы мен Тэджон қаласы Қазақстан Республикасы, оның ішінде Қызылорда облысымен күріш өсіру, білім беру және медицина салаларында әріптестік орнатуға ниетті екенін атап өткім келеді», – деді Ким Хынг Су.
Айта кетейік, бүгін Корея Республикасының делегациясы Хон Бом До мемориалына барып, генералдың рухына тағзым етті. Сондай-ақ, сапардың екінші күнінде делегация өкілдері «Қазақстан корейлері ассоциациясының» Қызылордалық филиалы өкілдерімен кездесіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің жұмысымен және ондағы «Корей бұрышымен» танысады. Мұнан бөлек, «Абзал и К» ТС барып, күрішші мамандармен тәжірибе алмасу жоспарланған.

kyzylorda-news.kz
29 қыркүйек 2021 ж. 471 0