Жетістіктерге жол ашқан жыл
2013 жыл. Жыл көлемінде ауданда көптеген игі істер көрініс тапты. Осы жылы аудан басшысы болған М. Жайымбетов Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудандағы өзекті мәселеге мән беріп, шешу жолында жұмыс жасады.
2013 жылы негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 3,5 есеге өсіп, 51 миллиард теңгені құрады. Жыл көлемінде мұндай инвистициялық даму аудан тарихында бұрын соңды болмаған. САРАТС жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Соның нәтижесінде Кіші Аралдан балықтың 22 түрі аулана бастады. Бірнеше мәрте ұйымдастырылған халықаралық талқылардан соң Арал теңізін бір деңгейлі етіп қалдыру жөнінде нақты шешім қабылданып, екінші кезеңін бастау мәселесі күн тәртібіне енді. 2013 жылғы елдегі жетістіктердің бірі – Арал ауданы аумағының алып құрылыс алаңына айналуы. Аудан көлемінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің, «Бозой-Шымкент» газ құбырының, «Жезқазған-Сексеуіл» шойын жолының құрылыстары салына бастады. Сексеуіл кенті мен, Қамыстыбас, Шижаға, Аманөткел ауылдары тіректі елді мекендер қатарына кіргізіліп, «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес 189 шақырым су құбыры жаңадан тартылды.
Ауданда жұмыс жасайтын 17 шағын несие құрылымдары «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде кәсіп бастаймын деген жандарға өз жобаларын іске асыруына мүмкіндік берді. Қаланың шығыс беткейінен 10 гектар жер бөлініп, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай туды.
Қарашалаң, Қаратерең ауылдарынан мектеп, Қарақұм ауылдық округінен дәрігерлік амбулатория, Арал қаласынан 15 арендалық тұрғын үй, «Нұр-Отан» партиясының жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. Қарақұм, Атанши, Беларан, Құланды ауылдық округтеріне «Аралды құтқару қоры» арқылы су таситын автокөліктердің кілті табысталды. Аудан орталығындағы 10 көше мен 3 алаңға 535 түнгі жарық шамдары орнатылды.
2013 жыл ауданда осындай игі бастамалармен аяқталып, елді дамыту жолында жаңа мақсаттар мен міндеттер көзделді. Әсіресе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерді дамыту, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде Арал қаласын гүлдендіру жолындағы жұмыстар жалғасын тапты.
Н. БАҚЫРАН