Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҺАНДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЖОБА

ЖАҺАНДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН ЖОБА

Қазіргі таңда аймақтағы Арал, Қазалы өңірінде бірнеше балық зауыты жұмыс істейді. Осы кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асады. Облыстың балық шаруашылығы саласында жеткен жетістіктері осы кәсіпорындармен тікелей байланысты десек қателеспейміз. Өйткені, қазіргі күні шет елдерге экспортқа жөнелтіліп жатқан балық өнімдері осында өңделеді. Осы ретте Кіші Аралды сауықтыру кепілі болған САРАТС жобасының, яғни «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының маңызы ерекше дер едік.
САРАТС жобасы Ұлттық және өңірлік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан еліміздегі ірі жобалардың бірінен саналады. Жалпы, Аралдың солтүстік бөлігіндегі Кіші Аралды сақтап қалу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынды. Осы ғасыр жобасының арқасында Кіші Арал теңізін сақтап қалу мүмкіндігі туды. Арал теңізі тағдыры Орта Азия мемлекеттеріне етене жақын болса да, бірде-бір ел мұндай ауқымды істі қолға алмаған еді. Айта кетейік, ұлтаны кепкен теңіз тағдырына биылдан бастап Өзбекстан мемлекеті алаңдаулы екендігін білдіріп, жобаларды бірлесіп қолға алғалы отыр.
Енді өткен күнге сәл шегініс жасасақ, өткен ғасырдың 60-70 жылдары көк теңізден балықтың 30 түрі ауланса, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары теңізде тек камбала мен балтық майшабақ ғана қалған еді. Кіші Арал теңізін сақтап қалу мақсатында 2003 жылдан бастап Көкарал су тоспасы салына бастады. Үш жылдан соң ел аузында «Көкарал бөгеті» деп аталып кеткен тоспаның құрылысы аяқталып, құрғап қалған теңіз табанына су келіп, Кіші Арал суға тола бастады. Теңіз акваториясы да өсті, мұндағы су көлемі 15 шаршы шақырымнан 27 шаршы шақырымға өсті.   
         Бұған қоса, өңірдегі көлдер жүйесі де сулана бастады. Солтүстік Арал суының минералдануы төмендеді. Ал Кіші Арал суының тұздылығының азаюы оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта көрініс тапты. Бұл  аймақтың флорасы мен фаунасы қайта жандануына әкелді. Балықшы қауымның үкіліген үміті ақталды.
Нақты кезеңде мұнда су маржанының 22 түрі ауланып, Арал мен Қазалы ауданындағы халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи балық өңдеу зауыттарына жіберілуде. «Балықтың берекесі бес батпан» деген нағыз шындыққа айналды. Елбасы бастамасымен қолға алынған жобаның сәтімен жүзеге асуы Арал өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етті.
Мұның бәрі теңіз жағасындағы қалың қауымның, әсіресе байырғы балықшы қауымның бүгінгі ұрпағының көкірегінде үміт отын жақты. Қамқорлық құшағындағы аймақ бүгінде сол өміршең жобаны жалғастырып жатыр.
28 наурыз 2018 ж. 1 618 0