Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік белесі: Ата кәсіп алға басты

Тәуелсіздік белесі: Ата кәсіп алға басты

2011 жыл. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында 2011 жыл мерейлі, өркениетке қарай нық қадамдар жасалған, ең бастысы, қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімі бұрынғыдан да нығайған айтулы әрі табысты жыл болды. Сонымен қатар елімізде Президент сайлауы өтіп, аудан халқы сайлауға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Аталған жылы ауданда құрылыс қарқынды жүрді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталайық.
Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайының жақсаруына тікелей әсер ететін алып құрылыс «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасын толық іске асырудың маңыздылығы көзделді. Мұнымен бірге аудан аумағынан өтетін «Кеңқияқ-Құмкөл»  мұнай құбырын салу, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің құрылысы да тап осы жылы басталған болатын. 2011 жылы ауданда елді мекендерде 4 мектеп, 9 шағын ашық спорт алаңы мен аудандық мәдениет үй пайдалануға берілді.
Ата кәсіпке айналған балық шаруашылығын дамытуға байланысты бірқатар шаралар қабылданғанымен, әлі де мәселе бар екені айқын байқалып тұрды. Осыған байланысты тиісті орындарға ұсыныстар берілді. САРАТС жобасы аясында айналадағы көлдер табаны суға толып, шұрайланған жер, әсіресе мал баққан шаруаға қолайлы болса, ұлтанын су басқан Кіші теңіз балықшы ұрпағының  ата кәсіппен қайта қауышуына жол ашты. Соның нәтижесінде балықшылар саны екі мыңнан асты. Және олар Кіші Арал бойында 10 участокке бөлініп, кәсіп етуде. Сол кезде облыс әкімі болған Б.Қуандықов балық шаруашылығын дамытуға барынша көңіл бөліп, "Көкарал" бөгетінің төменгі жағасында балықшылар қауымімен семинар өткізді.
Сол жылы балықшылар қауымының төл мерекесі мен Қамыстыбас балық өсіру питомнигінің 45 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келді. Балықшылар осы мерекелік шарада саланың алдағы дамуына нық сеніммен тарасты. Нақты кезеңде облыстағы балық шаруашылығын 2020 жылға дейін дамытудың бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. 2007-2011 жылдар аралығында Кіші Арал теңізі аумағы 310 мың гекардан 360 мың гектарға ұлғайған.
2011 жылдың наурыз айында Астана (Қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» жобасының  ІІ кезеңіне байланысты нақтыланған шешім қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық Министрлігінің Су ресурстары Комитетінің мәжілісі болып өтті. Мәжіліс шешімі бойынша қолда бар Балтық системасы бойынша 42 метр қалыпті деңгейдегі су айдынын сақтай отырып, Қамбаш көлі арқылы Сарышығанақ қойнауына су жіберу арқылы мұндағы судың деңгейін қалыпты деңгейден 50 метрге көтеріп, екі деңгейлі су қоймасын жасау. Және Балтық системасы бойынша судың қалыпты деңгейін 48 метрге жеткізіп, қолда бар Көкарал плотинасын биіктетіп, бір деңгейлі су айдынын жасау сынды екі нұсқа ұсынылды. Осы арқылы келешек балық аудау көлемі 15 мың тоннаға дейін жетеді деген жоспар тұрды.
Аталған жыл аудандағы өзге салаға да серпін алып келді. Десе де ата кәсіп саналып кеткен балық шаруашылығын дамытуға үлкен басымдық берілді. Сол кезеде қабылданған оң шаралар қазіргі күні өзінің нәтижесін біріп отырғаны да жасырын емес. 2011 жылы ауданда Н. Мұсабаев аудан әкімі қызметін атқарған тұста әр саланың дамуына атсалысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қоса білді.     
Н. МАРАТ
21 қазан 2021 ж. 345 0