Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ СЫР БЕТКЕЙДЕГІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

АУДАН ӘКІМІ СЫР БЕТКЕЙДЕГІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларымен бірге бірқатар елді мекендерді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Алдымен Шөмішкөл ауылындағы медициналық бекеттің ашылуына қатысып, тұрғындар қуанышымен бөліскен соң осы елді мекендегі №66 орта мектебі мен «Ақбота» балабақшасында болды. Білім беру мекемелерінің жағдайымен танысқан аудан әкімі мекеме басшыларына аталған нысандарға тұрақты жылу берілуі мен ғимарат ішіндегі температураның қалыпты деңгейде болуын үнемі басты назарда ұстау қажет екендігін тапсырды.
Одан соң Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекеніне барып, бастауыш мектеп ғимаратында тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, жаңа мектеп салу мәселесін талқылады.
Елді мекендерге жасаған сапарында аудан басшысы Қызылжар және Хан елді мекендері тұсындағы қалқымалы көпірдің жағдайымен де танысты. Қазіргі таңда дария арқылы қатынайтын тұрғындар үшін қалқымалы көпірдегі қатынас тұрақты деңгейде.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінен бастау алатын Советжарма каналында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының мән-жайына қанықты. Биылғы жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Қамбаш, Жалаңаш, Лайкөл көлдерін суландыратын Советжарма каналына екі көзді су тоспасын (шлюз) салу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек аудан басшысы “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық көлік дәлізі бойында бой көтерген жеке кәсіпкер Жалғасбеков Талғаттың жол бойы сервистік кешенінде болды. Сервистік кешен 2020 жылы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір май құю бекеті іске қосылып, жұмыс жасауда.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
24 желтоқсан 2019 ж. 881 0