Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН БАСШЫСЫ БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

АУДАН БАСШЫСЫ БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АРАЛАДЫ

Аудан әкімі М.Оразбаев күні кеше ауданға қарасты Бөген, Жетес би, Бекбауыл ауылдық округтерінде болып, елді мекендердегі білім нысандарын аралап, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Ең алдымен Қарашалаң елді мекеніне табан тіреген аудан басшысы №75 орта мектепке бас сұғып, білім ошағының алдағы жылу беру маусымына қарасты дайындықтарымен танысты. Одан әрі ауыл тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылып, білім саласындағы басымдықтарға тоқталды. Сонмен қатар, аудан бойынша беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмек мәселесін көтеріп, аталған көмекті шындығында мұқтаж отбасыларға тағайындау керектігін ескертті. Сондай-ақ, кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген ауылдағы жарық беретін трансформатор мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қажеттілік туындаған жағдайда құрылғыны ауыстыру мен ауылішілік жарықтандыру мәселесі де шешілетіндігін жеткізді.
Жетес би ауылдық округінде жалғасқан жұмыс сапары барысында аудан әкімі елді мекен тұсындағы «Советжарма» каналына жаңадан салынып жатқан су тоспасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған каналдың құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың 28 тамызынан бастап «Релстро» ЖШС жүргізуде. Мердігер компания өкілінің сөзінше жұмыс жоспарға сай атқарылуда. Осы арада жұмыс қарқынын көзбен көрген аудан басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс сапасын басты назарда ұстауды тапсырды.
Мұнан соң, ауыл ардагерлерімен жүздесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді талқылап, Жолдауда жүктелген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Осы ретте, Ескіұра елді мекенінің тұрғыны Б.Жалиев көтерген шағын орталық мәселесі бойынша білім бөліміне тиісті тапсырмалар жүктелетіндігін атап өтті.
Жұмыс сапары одан әрі Бекбауыл елді мекенінде жалғасып, аудан басшысы Құмбазар елді мекеніндегі №200 мектепте болып, ауыл тұрғындарымен басқосты. Басқосу барысында аталған білім ошағындағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі пысықталып, ауылдағы өзекті деген мәселелерге тоқталды. Осы орайда, ауыл тұрғыны, зейнеткер С.Якудаев «Кеңесарық» каналына су тоспасын орнатып, ауылға аяқ су тарту мәселесін көтерді. Бұл мәселеге байланысты аудан әкімі тиісті шаралар қабылданатындығын баяндады.
Мұнан соң Бекбауыл елді мекеніндегі №65 орта мектепке ат басын бұрып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік мәселе сөз болып, ауыл тұрғындары жол мәселесін көтерді. Сонымен қатар, тұрғындар сұранысына сәйкес аудан басшысы жеке қабылдау өткізді.
Жұмыс сапары соңында Сорбеткей елді мекеніне қарасты «Тоқбай» көліне барып, орын алған жаппай балық қырылу салдарымен күрес жұмыстарымен танысып қайтты.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
15 қыркүйек 2019 ж. 1 000 0