Тәуелсіздік белесі : Мақсаттар орындалған жыл еді
2007 жыл. Тәуелсіз Қазақстаннның тарихына 2007 жыл мерейлі, өркениетке қарай нық қадамдар жасалған, ең бастысы, қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімі бұрынғыдан да нығайған, айтулы әрі табысты жыл болды. Бүкіл еліміз сияқты, Арал ауданының да әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер болды. Елбасы тікелей назарға алған ауданға Үкімет, облыс тарапынан қомақты қаржылар бөлініп, қолдаулар көрсетіле бастады.
2007 жылы ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары, қосалқы шаруашылықтар мен үй шаруашылығын қосқанда қолданыстағы бағамен 2232,6 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2006 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайыз жоғары. Есепті жылда 126554,0 тонна тұз өнімдері өңделіп, өндіріс орнында 731,6 тонна балық өңделіп, 74,0 мың текше метр шыны топырағы өндіріліп, 493 дана тепловоз жөнделіп, 1488,6 мың текше метр ауызсу, 28216,0 мың квт сағат электр қуаты, 7,7 мың гкал жылу энергиясы таратылды. Ет-сүт өңдеу қолға алынып, бұл тиісінше 323,2 тонна, 90,1 тонна құрады. Жалпы, өңірдегі өндірістік өнім көлемінің ішінде тау-кен өндірісінің көлемі 26,5 пайызды құрады. Тағы бір жылда болған ерекшелік инвестициялық-инновациялық жобалардың тізбесі жасалып, инвестиция тарту жұмыстары атқарылды.
Балық, ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша 36900 мүйізді ірі қара, 118900 бас қой мен ешкі, 14800 бас жылқы және 17700 бас түйе малының саны артты. Әр 100 аналыққа шаққанда 77-ден бұзау, 106-дан қозы, 109-дан лақ, 72-ден құлын, 44-тен бота алынып, 3370 тонна ет, 7901 тонна сүт, 202,1 тонна жүн және 210 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осылайша барлық көрсеткіштерді 2006 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім болды. 2007 жылы 731,6 тонна тауарлы балық өнімдері шығарылып, салыстырмалы уақытта 128,5 пайызға өсті.
Ел экономикасының басым бағыттарының бірі болып келетін, аудан бюджеті қазынасының толығуына қомақты үлес қосатын шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен басымдық берілді. Халыққа кәсіп ашудың тиімділігі түсіндіріліп, нәтижесінде мүмкіндігі бар көптеген тұрғын өз кәсібін бастап кетті. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі де айтарлықтай төмендей түсті. 1398 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Облыстың елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту жобасы аясында аудандағы ауызсудың машақатын тартып отырған бірқатар елді мекендерге су желісі тартылды. Бұл жылы №85, №86 разъездерін, Сорбеткей елді мекенін Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу, Қосжар мен Мергенсай су айдау стансалары мен ішкі су жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 17,148 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстар толығымен атқарылды. 2007 жылы аудандық маңызы бар Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 161,0 млн теңге қаржы бөлінді.
2007 жылы халыққа медициналық қызметті жақсарту мақсатында аудандағы емдеу, алдын алу мекемелерінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Арал қаласындағы ауысымына 300 адам қабылдайтын емхана, Жақсықылыш кентіндегі аурухана пайдалануға берілді. Жыл көлемінде бірақтар мәдени нысандар да күрделі жөндеуден өтті. Атап айтар болсақ, аудандық мәдениет үйіне, Райым, Сазды, Құланды клубтарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2007 жыл аудан тарихында осындай жарқын істерімен есте қалды. Бұл кезеңде аудан басшысы ретінде қызмет жасаған Н.Мұсабаев халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, ауданның дамуына үлес қосты.
Н. БАҚЫРАН