Тәуелсіздік белесі: Жақсылыққа толы жыл болды
2001 жыл. Ауданда «Қазақстан-2030» стратегиясын облыстық, аудандық 2000-2002 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламаларын орындауға бағытталған жоспарлы жұмыстар жүзеге асты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында біршама ілгерілеушілік байқалады. Дерек көздерінде 2001 жылы ауданда өткен жылдармен салыстырғанда біршама оң өзгерістердің болғандығы туралы нақты дәйектермен көрсетілген.
Аудан экономикасының негізі болып саналатын өнеркәсіп мекемелерінің жұмысы сараланып, бірқатар шаралар қабылданды және жалғасын тапты. Жыл басынан бері 510332 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 147,2 пайызды құрап отыр. 72597 тонна тұз өнімдері өндіріліп, тұтынушыларға жіберілген. 407 тонна нан және нан өнімдері шығарылған. 122 тонна тауарлы балық өнімдері өндірілді.
Ауыл шаруашылығы саласында 2 акционерлік қоғам, 4 өндірістік кооператив, 1 толық серіктестік, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 103 шаруа қожалығы құрылып, өз жұмысын бастады. 2017 тонна ет, 4567 тонна сүт өнімдері, 257 мың дана жұмыртқа дайындалып, аталған салада өсім байқалды. 2001 жылы ауданның барлық шаруа қожалықтарында 23500 бас мүйізді ірі қара, 114710 бас қой мен ешкі, 12384 бас жылқы, 15012 бас түйе малы тіркелген.
Ауданда қабылданған шаралар шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға мүмкіндік туғызды. 918 шағы кәсіпкерлік субъектілерінде 3514 адам жұмыс істеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жыл көлемінде 255,1 млн теңгенің өнімі, қызмет түрлері атқарылған. Оның ішінде заңды тұлғалар 73,5 млн теңгенің, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен шаруа қожалықтары 181,6 млн теңгенің өнімін өндіріп, халыққа қызмет көрсетті.
Жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуде де біршама шаруалар жолға қойылды. Аудан көлемінде 15 автокөлік маршруты ашылып, халықты тасымалдау қызметін көрсетті. Сонымен қатар ауданаралық Арал-Қазалы маршруттары тұрақты қызмет көрсете бастаған. Автокөлік қатынастарын реттеу мақсатында Арал ауданында «Жолаушы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмыс атқарды.
Аудан бойынша жалпы бюджет кірістері 2001 жылы 704989 мың теңге, яғни 100,3 пайыз болып орындалды. Аталған жылы зейнетақы төлеу орталығы 6138 зейнеткерге 289310,6 мың теңге, 4240 мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға 141793,7 мың теңге, 6358 арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға 77263,4 мың теңге қаражат төленді.
2001 жылы ауданда еңбекпен қамту орталығына өтінішпен келген 9621 адамның 9429-ы жұмыс іздеуші болып тіркелген. Олардың 805-і тұрақты жұмысқа ораластырылды. 600 адам қоғамдық жұмыспен қамтылған болса, 150 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Ал 2879 адамға материалдық көмек көрсетілген.
Тәуелсіздіктің он жылын артқа тастап, еңсе тіктеген ауданды сол кезде Б.Қодаманов басқарған еді. Бұл кезеңде еңсесін тіктеген еліміз жарқын бастамаларға ұмтылып, болашаққа қарышты қадам басты.
Н. БАҚЫРАН