Ауыр кезеңдер еді
1997 жыл. Тәуелсіз еліміз болашақ үшін Қазақстан 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын жариялады. Ақмола астана, Алматы бас қала болып жаңа мәртебе алды. Халық пен елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайын жақсарту үшін Үкімет құрамында да үлкен өзгерістер болды. Сайып келгенде, осының бәрі Тәуелсіз Қазақстанның бет-бейнесін бұрынғыдан да бедерлеп, әлем елдері алдында биіктете түсті. Арал ауданы халқының ерен еңбегінің арқасында аудан экономикасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеру бағытында жұмыстар атқарылды. Бұл жылы аудан тізгінін А.Баймырзаев ұстаған болатын.
Ауданда жыл көлемінде өнеркәсіп өнімін өндіру 100,3 пайызға орындалды. Нақтылай айтсақ, 1997 жылы 622,8 тонна балық ауланып, 81888,7 тонна тұз жөнелтілген. 815,7 тонна ұн тартылған. Сол секілді 6,3 мың дана тігін бұйымдары дайындалып, 1814,1 тонна нан өнімдері шығарылған.
Ауыл шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қара саны 19500 басқа, қой 93200, жылқы 11810, түйе 12210 басқа жетті. Сол тәрізді 240 гектар жерге күріш егіліп, 9840 тонна өнім алынды. Кәсіпорындар мен мекемелердің қарыздары біршама азайды. Ауыл шаруашылығында осылайша 1996 жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Сол тәрізді зейнетақы қорына жоспарланған 13 миллион теңгенің орнына 14 миллион 501 мың теңге артық жиналды.
Дегенмен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында шешілмеген мәселе болды. Салыстырмалы кезеңде 1997 жыл 1996 жылмен салыстырғанда тұз өндіру 67,9 пайызға, балық аулау 75,6 пайызға, тігін бұйымдарын шығару 91,4 , нан зауыты 44,4 пайызға кем орындалды.
1997 жылдың қорытындысы бойынша жалпы салықтар мен алымдардың қаражат кірісі 223337,0 мың теңге, яғни 64 пайызды ғана құраған. Бұл төмен көрсеткіш болды. Сол кезде ауылдық округтерді басқарған әкімдердің тиісті жұмыс жүргізбеуі салдарынан жоспарланған меже орындалмай қалды.
Жасыратыны жоқ, бұл кезеңдер аралдықтар үшін ауыр кез болды. Дәрігерлер бірнеше айлап жалақысын ала алмады. Ал мектептер мен балабақшасын саны күрт төмендеп кетті. Бірақ халық қиындықтан қашқан жоқ. Тәуелсіз елдің болашағынан үміт күтті. Әркім өз қолдарынан келгенше әрекет етіп, елдің қиындығын бірге көтерісуге үлес қосты.
Н.МАРАТҚЫЗЫ