Елбасы келген жыл еді
2005 жылы ауданда айтарлықтай жаңалықтар болды. Ең бастысы – Елбасы Н. Назарбаевтың Арал ауданына арнайы келуі еді. Елбасының келуімен ауданда көптеген түйткілді мәселелер оң шешімін тапты. Соның бірі – талай жылдан бері халықтың мұңына айналған таза ауызсу. Сондай-ақ әлемде баламасы жоқ теңізді екіге бөліп, бөгет салынды. Жылда орын алған жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістер туралы кеңінен тарқатып айтайық.
2005 жылы ауданда қордаланып келген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Өндіріс орындарында 2004 жылмен салыстырғанда өнімдер өндіру көрсеткіші 127,0 пайызға артты. 105187 тонна тұз өнімдері өндіріліп, өндіріс орындарында 358,1 тонна нан және макарон, 10 тонна кондитер өнімдері, 369 тонна балық өңделіп, 73878 текше метр шыны топырағы өңделді.
Есептік кезеңде ауданымыздың басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Ауыл шаруашылығы саласында 2 акционерлік қоғам, 4 өндірістік кооператив, 1 толық серіктестік, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 мемлекеттік мекеме қосалқы шаруашылықтары мен 166 шаруа қожалықтары жұмыс істеді. 2005 жылы барлық шаруашылықтарда 33214 бас мүйізді ірі қара, 106 300 бас қой мен ешкі, 13220 бас жылқы, 15950 бас түйе малдары тіркеліп, 2004 жылмен салыстырғанда өсу көрсеткіші орын алды. Аталған жылы аудан бойынша 532 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 210 гектарына күріш егіліп, әрбір гектарынан 50 центнер өнім алынды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауылдық округтердегі 93 адамға 7 млн теңге көлемінде несие берілсе, «Арал Ырысы» несие серіктестігі арқылы ауыл шаруашылық құрылымдарына 11 702,0 мың теңге несие берілді.
Білім беру саласы бойынша ең алдымен мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жетілдіру басты назарға алынды. Аудан бюджеті есебінен №200 Құмбазар мектебі мен №58 Жалаңаш орта мектебінің оқу ғимараты спорт залымен ел-халықтың қолдауымен жаңадан салынды. Сонымен бірге Райым негізгі мектебінің ғимараты облыстық бюджет есебінен салынып, пайдалануға берілді.
Ал денсаулық сақтау саласы бойынша ауылдық округтерде 14 фельдшерлік-акушерлік пункт жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Облыстық бюжет қаржысы есебінен Жақсықылыш ауылдық аурухана құрылысы басталады. Кеңес беру-диагностикалық емханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алыс ауылдық округтегі фельдшерлік-акушерлік пунктке және Қарақұм ауылдық ауруханасына және Арал қаласына барлығы 4 жедел жәрдем көлігі берілді.
Ауданның инфрақұрылымдарында бірқатар оң өзгерістер болды. Арал қаласындағы 3384 нөмірлік аналогты АТС жаңа үлгідегі санды АТС-ке ауыстырылып, 80 нөмірге ұлғайтылды. 14 елді мекеннің мектептері интернет желісіне қосылды. «Таза су», «Жолаушы» бағдарламасындағы атқарылған шаралар өз жалғасын тапты. Арал қаласын ауызсумен қамтамасыз етуден басқа Ақбай, Қосжар, Аралқұм, Камыстыбас елді мекендерінің ішкі су желілері аудандық бюджеттен бөлінген 11706 мың теңгеге жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті.
Жақсықылыш-Тоқабай-Абай және Арал-Сексеуіл аралығындағы жолға 45,0 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар Арал қаласындағы бірқатар көшелер де жөндеуден өтті. Елді мекендерде жас мамандарға арналған 61 үй салынып, пайдалануға берілді.
Осындай ауқымды істер атқарылған 2005 жылы тарих қойнауына жағымды жаңалықпен енді. Сол жылы аудан әкімі қызметінде Н. Мұсабаев болып, халық көкейіндегі мәселені тиісті орындарға жеткізе білді. Соның арқасында елдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, ауданның айшықты келбеті қалыптаса бастады.
Н. МАРАТҚЫЗЫ