Тәуелсіздік белесі: Ел дамуында елеулі өзгерістер орын алған жыл
2006 жыл. Тәуелсіздіктің 15 жылдығын жас Қазақстан бақуаты беки түскен елдердің қатарында қарсы алды. Сындарлы саясаттың арқасында елдің ішкі әлеуеті артып, халықаралық аренада мемлекеттің беделі жоғарылай түсті. Әлем Қазақстанның қарымды қуатын ғана емес, қайратты саясатын, сауатты жолын, салауатты ұстанымын мойындап, небір түйінді мәселелерде Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекеттің тың бастамасымен санаса бастады.
Кезінде өндіріс орындарының саны мен ауқымы жағынан облыста Қызылорда қаласынан кейінгі орында болып келген Арал ауданы бүгінде өнеркәсіптік қуатын уақыт талабына сай дамытып келеді. 2006 жылы өндіріс орындарының өнім шығару көлемі 2005 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ағымдағы бағамен 119,8 пайызды құраса, өнім көлемінің нақты өсу индексі 176,4 пайыз құрады. Бұл облыстың орташа өсу көрсеткішінен артық, яғни өсу деңгейі жөнінен алдыңғы аудан қатарында болды. Есепті мерзімде 109,3 мың тонна тұз өнімдері өңделіп, өндіріс орындарында 409,0 тонна нан және нан өнімдері, 449,6 тонна балық өңделіп, 84,6 мың текше метр шыны топырағы өндіріліп, 477 дана тепловоз жөнделіп, 1136,8 мың текше метр ауызсу, 2466,0 мың квт. сағат электр қуаты, 6,9 мың гкал жылу энергиясы таратылды, ет-сүт өңдеу қолға алынды. Өнеркәсіп өнімінің басым бөлігі "Аралтұз" АҚ-ның, "Тербенбес" ЖШС-ның үлесіне тиіп отыр. Республика бойынша йодталған ас тұзын өндіретін ең іргелі кәсіпорын болып табылатын "Аралтұз" АҚ 2006 жылы салыстырмалы уақытта өсім деңгейін 111,0 пайызға жеткізді.
Аудан экономикасын қалыптастырудағы өз үлесі бар, халықтың басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында малдың генофондын сақтай отырып, мал басы мен одан алынатын өнімдердің елеулі өсуі байқалды.
2006 жылы ауданның барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарында мал басы мүйізді ірі қарадан 33403 басқа, қой мен ешкіден 118000 басқа, жылқыдан 13500 басқа, түйеден 16253 басқа жетіп, 2005 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 2993 басқа, қой мен ешкі 2974 басқа, жылқы 380 басқа, түйе 653 басқа көбейді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 116,9 пайызға, жұмыс істейтін саны 108,3 пайызға, шағын бизнестен түскен салық 124,7 пайызға, өнім өндіру көлемі 105,6 пайызға артты. Республикалық бюджеттен 3,5 млрд қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы қызметі бағытында селолық тұтыну кооперативтері формасындағы коммерциялық емес құрылымдардың тауар өнірушілері мен өңдеушілердің қызмет көлемін кеңейту мақсатында несие беру арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімін дайындау, сақтау, қайта өңдеу, өткізу кооперативтері құрылымын ұйымдастыру жұмыстары біздің ауданда жүргізілді.
Ауданның инфрақұрылымдарында да бірқатар ілгерілеушіліктер болды. Жол қатынастары, телекоммуникация және пошта торабы мекемелері бірқалыпты жұмыс атқарды. аудан көлемінде 18 автокөлік маршруты халыққа тасымалдау қызметін көрсетті. Дегенмен, жолаушы тасымалдауда бірқатар кемшіліктер орын алды. Телекоммуникация торабы жаңа ғимаратқа көшіріліп, жұмыстарын жалғастырды.
Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын "Сырдария өзенінің арнасын ретету және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау" жобасы бойынша құрылыстың І кезең аяқталып, Кіші Арал суға толуда. Елбасының қолдауымен ІІ кезеңі басталады деп күтілуде. (Екінші кезең жобасының құны– 120 млн доллар).
Жыл көлемінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа мектептер салынып, денсаулық саласында медициналық қызметті жақсарту бағытында емдеу, алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін күрделі жөндеулер жүргізілді. Осындай толымды істердің атқарылуында ауданға басшылық еткен Н.Мұсабаевтың үлесі зор болды.
Алда өңдеу өнеркәсібі саласына бетбұрыс жасау, балық шаруашылығын дамыту және ауызсу мәселесі, әлеуметтік сала объектілерін дамыту, жас мамандарға тұрғын үй салу, мектеп, аурухана құрылыстарын жалғастыру тәрізді халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында жүзеге асырылатын маңызды міндеттер тұрды.
К. МАХСҰТ