Балық аулау көлемі артып келеді

Балық аулау, оны өңдеу, өзгеге экспорттау ісі қай уақытта, қай заманда болмасын қолға алынған ерекше кәсіп болып келеді. Бабамыз айналысқан бұл кәсіп «Ата кәсіп» атанып кеткені де сондықтан. Бүгінде сол ізбен жалғасқан берекелі кәсіп бірізділігін әлі де жоғалтқан жоқ. Қазірдің өзінде ауданда теңіз өнімін өңдеп, оны шетелге шығаруды тікелей қолға алып отырған бірнеше зауыттар бар. Осындай өндіріс ошақтарының үлес салмағы бүгінде еселеп артып, бұл саладағы экспорттық өнімнің салмақ үлесі 2 мың тоннадан асты. Тұтынушы елдер қатарында Балтық жағалауы елдері мен Германия, Ресей сынды алпауыт мемлекеттер бар.
– Биыл 2 мың тоннадан астам балық Ресей, Польша, Нидерланды, Германия, Грузия және Литва елдеріне экспортталады. Облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында тауарлы балық өсіру жұмыстарын күшейтудеміз. Өткен жылы облыста 155 тонна тауарлы балық өсірілсе, тауарлы балық өсіретін шаруашылықтардың саны 10-нан 20-ға жетті. Енді биыл 30-ға жеткізсек, балық өсіру көлемін 172 тоннаға ұлғайтамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Б.Оспанов.
Расында, мұндай көрсеткіштердің денін Арал ауданы құрап отырғаны белгілі. Жалпы, теңізі бар облыстың мұндай көрсеткіштерге жетуі отандық өнім көлемін еселеп арттыруға үлес қосуда. Айталық, өткен жылы облыста ауланған балық көлемі 9 пайызға өссе, экспорт 2 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ балық өнімдері 9 мемлекетке экпортталды. Соңғы 5 жылда балық экспорты 1,2 есеге артқан. Мұндай көрсеткіштерге үлес қосуда ауданда еңбек ететін балықшы қауымның да үлесі мол. Жалпы айтқанда, еңбек балықшылардікі. Оңайлықпен ауланбайтын су маржандары бүгінде балықшы қауымның арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан бұл салада еңбек ететін жандардың еңбегі лайықты бағалануы керек.
А. ҚАРАСАЙ