Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан балығы қандай елдерге экспортталады?

Қазақстан балығы қандай елдерге экспортталады?

Бүгінгі Үкімет отырысы барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан жыл сайын 36 елге 30 мың тонна балық өнімін экспорттайтынын айтты.

Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,5 мың тоннаға жуық, экспорт – 30 мың тонна, сондай-ақ, импорт - 43,5 мың тонна. Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветкалар, мидия және тағы басқалары, - деді министр. 
Мырзағалиевтің сөзінше, импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. 
Бұл ретте импортты алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт, бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізінде майшабақ тәрізді балықтарды аулау қажет. Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 млн АҚШ доллары сомасына 30 мың тонна балық өнімін экспорттайды. Сонымен қатар біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай әлеуетті нарықтар бар. Атап айтқанда, Ресей мен Қытайда балық өнімдеріне сұраныс жоғары деңгейде. Бұл екі елдегі бізбен шекаралас аудандарының нарығы үш млн тоннаға дейін жетеді. Нәтижесінде, біздің экспорттық әлеуетті 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік пайда болады, - деді Мырзағалиев. 

06 қазан 2020 ж. 465 0