Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елордада тағы екі өңір ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізеді

Елордада тағы екі өңір ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізеді

  21-22 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтанда Ақтөбе және Қызылорда облыстарының тауар өндірушілері ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өтетін жәрмеңкеге Ақтөбе облысының 12 ауданынан – 20 тауар өндірушісі және Қызылорда облысының 7 ауданынан 70 кәсіпорын қатысады.
  «Еліміздің батыс аймағы елордаға 214 тонна өнімін әкеледі деп жоспарланып отыр: еттің барлық түрі - 65 тонна, картоп пен көкөністер - 85 тонна, сүт өнімдері - 10 тонна, өсімдік майы - 5 тонна, жұмыртқа - 13 мың дана, балық - 3 тонна, бал - 0,5 тонна, шұжықтар - 5 тонна, ұн мен макарон өнімдері - 6 тонна, алкогольсіз сусындар - 6 тонна, басқа да өнімдер - 16 тонна. Ақтөбе облысының «Айс» ЖШС, «Агрофирма Тау» ЖШС, «Мартук Сүт» ЖШС сүт өнімдерін, «Шыңғыс» ХК, «Шекшек ата» ӘКК, «Абылай» ХК және басқалар ұлттық сүт сусындарын ұсынады, ал «Ново-Альджанский диірмені» ЖШС, «Ақтөбе-нан» ЖШС ұн, ұн және макарон өнімдерін, «Айбек» ӘКК, «Степное» ЖШС, «Рокос» ЖШС шұжықтар мен ет тағамдарын, «Izet Greenhouse» және «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС көкөністердің түр-түрін ұсынады», - делінген елорда әкімдігінің хабарламасында.
  Ал Қызылорда облысы 270 тонна болатын 40-тан астам тауар түрін әкелмек: күріш - 80 тонна, сүт өнімдері - 4 тонна, балық - 16 тонна, көкөністер - 15 тонна, жемістер - 3,5 тонна, қауын-қарбыз, асқабақ - 145 тонна, ас тұзы - 10 тонна және тағы басқалары. Қызылорда өңірінің «Сыр Маржаны» ЖШС, «Достық-Жер» ЖШС, «Ақжарма и К» ЖШС және «Агрохолдинг Байқоныр» ЖШС күріш өнімін, «Арал» СДО, «Қуаныш» ЖШС, «АР-Н-КОН» ЖШС, «АСТО» ЖШС, «Қызылорда Балық» ЖШС, «Игиликов», «Қошқарбаев», «Көшекбаев», «Караев» жеке кәсіпкерлері балық және балық өнімдерін, «Аруана» ЖШС және «Сейтенова» жеке кәсіпкерлігі сүт өнімдерін, «Майдакөл», «Ақжона» ауылдық округтерінен, «Рахман» шаруа қожалығынан, «Жайылма» ауылдық округінен, ЖК «Алтынбекова» және тағы басқа жеке кәсіпкерлер бақша өнімдерін ұсынады.
  Жалпы, екі аймақ Нұр-Сұлтанға 484 тонна өнім әкеледі. Дәстүр бойынша шара аясында әртістер мен әншілер өнер көрсетеді.
  Айта кетейік, 31 тамыз күні басталған ел өңірлерінің ауылшаруашылық жәрмеңкелері 27 қазанға дейін жалғасады. Бұған дейін өз өнімдерін Түркістан облысының, Алматы және Қостанай облыстарының, Павлодар облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынған болатын.

21 қыркүйек 2019 ж. 1 035 0