Еліміз жаһандық дағдарысты бастан өткерді
2008 жыл. Қазақстан тәуелсіздік жылдары түрлі кезеңдерді еңсерді. Нарықтық даму мен ашық қоғам бағытын таңдаған еліміз дүние елдерімен бірге түрлі қиындықтарды да, түрлі асуларды да еңсерді. Осы 2008 жылы Қазақстан күрделі әлемдік қаржы дағдарысына да куә болып, оны бастан өткерді. 2007 жылы сезіле бастаған жаһандық дағдарыс салқыны 2008 жылы әлемдік мәселеге айналды. Тәуелсіздігінің 17 жылында тап келген жаһандық күйзелістен шығудың аса тиімді жолын қалыптастырған Қазақстанның дағдарысқа қарсы саясаты Орталық Азия өңірі мен ТМД елдерінің ішінде ең тиімді жол болып саналғанын да әлем мойындады.
Ауданда 2008 жылғы ең жоғарғы көрсеткіш– негізгі қорға тартылған инвестиция көлемінің 10,4 есеге өсіп, 16 млрд теңгені құрады. Кіші теңіздің өмірге келуі балық шаруашылығын қайта дамытуға негіз болды. "Атамекен-Холдинг" компаниясының қолдауымен әлемдік стандартқа сай өнім шығаратын Оңтүстік Кореялық үлгідегі, құны 10 млн АҚШ доллары тұратын жаңа балық өңдеу зауыты салынып, іске қосылды. Президенттің "100 мектеп. 100 аурухана" бағдарламасы аясында Арал қаласынан 3 қабатты 100 төсектік жаңа медициналық құралдармен жабдықталған өкпе аурулары диспансері және Шөмішкөл, Шөміш елді мекендерінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. 4 ауылдық округте бастауыш мектептер жаңадан салынды. Аудан тарихында елеулі орын алатын игілікті істің бірі – "Тәуелсіздік" алаңының ашылуы болды. Бағаны тұрақтандыру мақсатында аудан орталығынан 100 сауда орны бар типтік жобадағы "Қанағат" коммуналдық жабық базары іске қосылды. 2008 жылы "Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген" бағытындағы автокөлік жолын асфальттауға бөлінген 353,5 млн теңге толық игерілді. 13651 шаршы метрді құрайтын 128 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауданымызда спортты дамытуға да ерекше бетбұрыс жасалды. Қаладан ашық және жабық жүзу бассейндері, спорттық-сауықтыру кешені салынды. Сексеуіл кентінен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.
Аудан экологиялық апат аймағында орналасқандықтан қоршаған ортаны қорғауға ерекше ден қойылып, 400 гектар жерге 83200 дана сексеуіл егілді.
Арал ауданы облыстағы өндірісті өңірдің бірі саналады. Осы жылы өндіріс орындарының өнім шығару көлемі ағымдағы бағамен 2609,1 млн теңгені құрап, өнім көлемінң өсуі 40,3 пайыз болды. Аудандағы үлкен өндіріс орны–"Аралтұз" АҚ 111,9 мың 73 тонна тұз, "Латон-Маркет" ЖШС 88,1 мың текше метр кварц топырағын өндіріп, "Тербенбес" ЖШС 497 дана тепловозды жөндеуден өткізді. 2167 тонна балық ауланып, оның 308 тоннасы өңделіп, тұтынушыларға жөнелтілді.
Кәсіпкерлікті дамытуда 16 микрокредиттік ұйымдар, банктер, қорлар арқылы 2389 адамға 793,2 млн теңге несие беріліп, 703 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауданда 37927 мүйізді ірі қара, 120751 қой-ешкі, 15434 жылқы, 17779 түйе бар. Төрт шаруашылық төрт түлік малды асылдандырумен айналысады. Бұл шаруашылықтарға асыл тұқымды мал өсіру үшін республикалық бюджеттен 21,3 млн теңге субсидия төленді.
Ауданда почта және телефон байланысы қала, далада да түпкілікті шешілді. Спутниктік байланыс арқылы алыс елді мекендерге де телефон нүктесі орнатылды.
Сөйтіп, 2008 жылы бюджет қаржысын игерудің 99,6 пайызы орындалып, білім, денсаулық, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында ілгерілеушілік байқалып, облыс аудандары арасында мерейі үстем болды. Осындай игілікті істердің орындалуында сол кездегі аудан әкімі Н.Мұсабаевтың үлесі зор болды.
Аудан халқы 2008 жылды толымды табыстармен қорытындылады. Енді алдағы уақытта аудан өмірі үшін аса маңызды ауданымыздың құрылғанына 80 жыл толуын кең көлемде атап өту міндеті тұрды. Сонымен қатар 8 мектепті пайдалануға беру, Құланды медпункті, аудандық мәдениет үйі, Арал-Сексеуіл автожолын асфальттау, Арал-Абай автожолын күрделі жөндеу сияқты жаңа құрылыстары бюджетке енгізілді.
К. МАХСҰТ