Тәуелсіздік белесі: Ел еңсесі тіктелген жыл
2002 жыл. Елдіктің белгісіне айналған "Бәйтерек" монументі бой көтеріп, қазақстандықтар алғаш рет еуро дейтін ақшаны қолына ұстап көрді. Қазақстан UEFA құрамына кірді. 2002 жылы Қазақстанда «Денсаулық жылы» деп жарияланды. Осы жылы Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Тараздың 2000 жылдығын да ЮНЕСКО деңгейінде сол жылы тойланды. Алғаш рет Еуразиялық медиа форум өтті. 2002 жыл экономиканың ғана емес, барлық саланың еңсе тіктей бастағанымен есте қалды.
Еліміздегідей ауданымызда да біршама жұмыстар атқарылды. Денсаулық жылына байланысты Қызылжар, Қарақұм, Бөген ауылындағы ауруханалар қайта ашылып, материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Ауыл шаруашылығы саласына назар аударылып, мал басы өз төлі есебінен өсті.
Өндіріс орындарында 655 млн теңгенің өнімдері өндірілді. 2001 жылмен салыстырғанда нақты өнім көлемінің өсу индексі 102,4 пайыз құрады. Осы уақыт ішінде 78312 тонна тұз өнімдері, 73 тонна тауарлы балық өнімдері өндірілді, 334 тепловоз жөнделіп, 71,3 тонна ұн тартылды. 18,3 млн кв. сағат электр қуаты таратылып, 521 мың текше метр ауызсу берілді. Арал вагон жөндеу зауыты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басқару жүйесіндегі келісімсіздік, бір жақты белден басу салдарынан бұл кәсіпорын тығырыққа тірелді.
Мал басы мен одан алынатын өнімдердің елеулі түрде артқандығы байқалды. Мүйізді ірі қара 884 басқа, қой мен ешкі 2322 басқа, жылқы 147 басқа, түйе 364 басқа көбейді. Мал тұқымын асылдандыру бағытында "Құланды" АҚ және "Қарақұм және К" толық серіктестігі жан-жақты жұмыстар жүргізді. Аталған шаруашылықтарда асыл тұқымды 1692 бас жылқы, 1748 бас түйе, 3039 бас қой малдары қысқа ойдағыдай түсті. Бұл шаруашылықтарға осы жылы мемлекет тарапынан берілген 7,8 млн теңге квота толығымен игерілді. Қазақтың ақ бас сиырын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмысы Шижаға елді мекенінде қолға алынды. Егіншілікпен "Ақбай" өндірістік кооперативі шұғылданады.
Осы жылы ауданымызда балық шаруашылығын дамыту, жақсарту мақсатында республикалық кеңес өткізілді. Бұл кеңесте саланың өзекті мәселелері айқындалды. Республика Үкіметі Қамыстыбас балық өсіру питомнигіне үлкен қолдау көрсетті. Питомник жұмысын дамытуға 25 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заң күшіне енді. Атаулы әлеуметтік көмекке 190711,1 мың теңге уақытылы төленді.
Елді мекендердегі әлеуметтік сала объектілерін қалыптастыру, жаңарту жұмыстарында оң өзгерістер болды. Мысалы, Сексеуіл қыстағында балабақшаға халықаралық Аралды құтқару қоры қаржысынан 8 млн теңгеге шағын жылу қазандығы орнатылды және аудан орталығында санаториялық мектеп-интернат ашылды.
Денсаулық жылы аясында ауданда бірқатар жұмыстар атқарылды. Жыл көлемінде 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер және 18 жастан жоғары ауыл тұрғындары медициналық тексеруден өткізілді.
Сонымен, бұл жылы ауданға инвестиция, қаржылай көмек алуда және мал, балық шаруашылығында, сондай-ақ білім, денсаулық, мәдениет саласында біршама ілгерілеушіліктер болды. Осындай ауқымды жұмыстардың орындалуына сол кездегі аудан әкімі Б.Қодаманов басшылық жасады.
К. МАХСҰТ