Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН БАСШЫСЫ КӨППӘТЕРЛІ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН БАСШЫСЫ КӨППӘТЕРЛІ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Арал қаласындағы тұрғын үйлер салу үшін жер телімі берілетін орындарда болып, көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен кездесті.
Алдымен тұрғындарға азық-түлік пен тұрмыстық заттарды тиімді бағада ұсынатын «Аль-Асад» сауда үйіне жер телімін беру жұмыстарын пысықтады. Жауапты бөлім басшыларына сауда үйінің сұранысына сәйкес беріледі деп жоспарланған жер телімінің берілуін барлық заңнамалық талаптарға сай орындалуын қадағалауды жүктеді.
Аудан әкімі онан әрі Барсакелмес табиғи қорығының артқы жақ беткейінде жаңадан құрылысы жүргізілетін тұрғын үйлер салынатын аймақта болды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысына тұрғын үйлердің орналасуын жан-жақты зерделеп, барлық тиімді тұстарын қарастырып, үйлер салынатын орынды нақты белгілеуді тапсырды. Атап өтейік, келесі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ипотекалық және арендалық негізде 40 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Соған сәйкес, инфрақұрылымдар тартылатын болады.
Қаладағы нысандарды аралау барысында биылғы жылы ағымдағы жөндеуден өткен көпқабатты үй тұрғындарының мәселелерін тыңдады.
Аудандық бюджет есебінен Бақтыбай батыр көшесінің бойындағы 8 көппәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Атап айтар болсақ, құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Арал қанаты 100» ЖШС 4 көппәтерлі тұрғын үйдің кіре беріс есік - терезесін ауыстырып, ағаш төсемелерін төсеп, шатырын жаңалап шықты.
Сонымен қатар, №100, 102, 104, 106 көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеті әрленген болатын.
Аудан әкімімен кездесу барысында тұрғындар мердігер мекеменің жөндеу жұмыстарын толық аяқтауын қадағалауды сұрады.
Қазіргі таңда елімізде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мүліктің меншік иелері бірлестіктерінің институтын енгізу жөніндегі реформа іске асырылуда. Осыған орай, пәтер иелеріне мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізілуде. Бүгінгі күні Арал қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлерде 12 жай серіктестік құрылды. Аудан басшысы тұрғындарға жай серіктестік құрудың тимді тұстарын түсіндірді.
Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үйлерге алдағы уақытта толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеке меншік үй болғандықтан қайтарымды қаражат есебінен жүргізілетінін түсіндіріп, ол үшін мердігер мекемемен келісім шартқа отыру қажеттігін айтты. Яғни тұрғын үй ауласын абаттандыру, қоқыс тастайтын арнайы орын әзірлеу, ортақ септик пен әжетхана салынатындығы тиімді болатыны тұрғындарға түсіндірілді.
Учаскелік полиция инспекторларына ауладағы белгіленген орынға сырттан келіп қоқыс тастау жағдайларын болдырмауды және осы аймақтың тәртібін қадағалауды тапсырды.
Тұрғындардың мәселелерін тыңдаған аудан басшысы төбе жабындылары ауыстырылған үйлердің қосымша жөндеу жұмыстары өзінің бақылауында болатынын және көгілдір отынды үйлердің ас бөлмесіне кіргізу үшін жауапты мекемеге жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныс берілетіндігін айтты.
Арал аудандық баспасөз қызметі
11 қараша 2021 ж. 492 0