Асхат Аймағамбетов: 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады
Елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында осылай деп мәлдімдеді.
Министр Тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі білім саласы жетістіктерін ерекше атап өтті. Мәселен, соңғы 30 жылда елімізде 2 мыңнан астам жаңа мектеп пайдалануға берілген. 1991 жылы 2 мың балабақшада ғана мемлекеттік тілде тәрбие берілсе, бүгінде 7,5 мың балабақшада бүлдіршіндер, ана тілінде тәрбие алады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына бөлінетін грант саны соңғы 3 жылдың ішінде 2 есеге артты.
«Жалпы Тәуелсіздік алғалы білім саласында оң өзгерістер көп. Білім саласында мемлекет өзінің конституциялық кепілдіктерін толығымен орындап жатыр. Балаларға білімнің қолжетімді болуына мемлекет қадамдар жасап жатыр. Соңғы екі жыл ішінде ІТ саласы мамандығына бөлінген гранттар саны екі есе асқан. Соның ішінде педагогикалық грант саны көбейді», – дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ отырыста ел азаматтарының білім беру саласындағы Конституциялық құқықтары сөз болды. Сарапшылар осы саладағы тиісті кепілдіктердің жүзеге асырылу барысымен танысты. Комиссия мүшелері мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектердің білім алуы үшін тең жағдай жасалу қажеттігін алға тартты.
«Біз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Өйткені қабілетті ұрпақ елін алға сүйрейді. Әсіресе, шалғай ауылдардағы мектептерді білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуіміз керек. Олардың оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базасын жетілдіру өте маңызды», – дейді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Игорь Рогов.
kyzylorda-news.kz