Тәуелсіздікке 30 жыл: Жаңалыққа толы жыл болды
2019 жыл. Теңіз төскейіндегі халық үшін табысты әрі саяси жаңалықтарға толы жыл болды. Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, тұғырын бекіткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы тарихи шешім қабылдады. Сондай-ақ жаңа президент сайлауы өткізіліп, халық таңдауымен Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Сонымен бірге 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Бұл өз кезегінде ел келешегі жастарды жігерлендіріп, беделін арттыруға негіз болды.
2019 жылы ауданған 27,8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге артып отыр. Жол жөндеуге байланысты 10 жоба іске асты. Оның ішінде аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай», «Арал қаласының кіреберісі», «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би», «Ақлақ-Қаратерең» автожолдары жалғасын тапса, «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолы бастау алған. Сондай-ақ «Қамыстыбас елді мекеніне кіреберіс», Сексеуіл кентінің ішкі көшелері және Арал қаласының көшелерінің жолдары ағымдағы жөндеуден өтті.
Ауызсу мәселесі бойынша Сексеуіл кентінің тұрғын үйлерін орталық су жүйесіне қосу жұмыстары және Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым елді мекенінің тұрғын үйлеріне ауызсу құбырын тарту жұмыстары толыққанды аяқталды. Арал қаласындағы Шүкіров, Жұбаниязов, Тәңірбергенов көшелеріне жүргізілген ауызсу құбырлары күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң елді мекеніне ауызсу құбыры тартылып, Қамыстыбас елді мекеніндегі лагерь насосты стансасына, Райым елді мекеніндегі насос стансасына күрделі жөндеу жүргізілсе, Ақбасты елді мекеніне су тұшытқыш қондырғы алынып берілді. Аудан бюджетінен бөлінген 58,4 млн теңгеге 6 нысанның бу қазандығы газ отынына ауыстырылды.
Абаттандыру, көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жалғасын тауып, Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейіне баратын көшені жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілді. Қамыстыбас елді мекеніне "Тағзым" алаңы салынса, Қарақұм ауылдық округіндегі «Наурыз» алаңы абаттандырылды.
Ауданда 2019 жылы демографиялық өсім болды. Жыл басынан бері 1659 бала өмірге келген. Аудан халқының игілігі үшін жаңадан биыл 31,6 мың теңгеге 6 санитарлық автокөлік алынып берілді.
2019 жылы аудан әкімі қызметін М.Оразбаев атқарды. Бұл жыл аудан халқы үшін жемісті жыл болып есте қалды. Ел игілігі жолында көптеген шаруа атқарылды. Жаңа жобалар бастау алды. Заман өткен сайын халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстар нәтижесін бере бастады.
Н. МАРАТҚЫЗЫ