Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауқымды жобалар жүзеге асты

Ауқымды жобалар жүзеге асты

2017 жыл. Теңіз төскейіндегі халық үшін 2017 жыл табысты өтті. «Арал ауданының экономикасын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы» бойынша ауданда ауқымды жобалар атқарылған. Мәселен, экономика саласын дамытуды көздейтін аталған Жол картасында 114 млрд теңгенің 84 жобасы қамтылған. 2017 жылы соның 39-ы іске асырылған.
Н. Маратқызы

Аталған жылы ауданда 10,5 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 158,3 пайызға артық. Ауданға салынған инвестицияның 5,1 млрд теңгесі елді мекендерге тартылды. Ол негізінен өнеркәсіп, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына бағытталған.
Өнеркәсіп орындары 9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты көлем индексі 102 пайызды құраған. Аудан өнімдері туралы айтылғанда алдымен ауызға ілігетіні – тұз өндірісі екені белгілі. 2017 жылы аудан бойынша барлығы 541 тонна балық, 163 тонна ет, 644 тонна нан және нан өнімдері, 135,4 мың текше метр кварц топырағы халық қазынасына айналды.
Аудан бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына 7 жоба енген. Бұған дейін 4 жоба жұмыс жасап келген болса, 2017 жылы 2 жоба іске қосылды. Ол – «Қаптама кірпіш өндіру» мен «Асфальт-бетон зауыты» жобалары.
Мемлекет алға қойған тағы бір маңызды мәселе ауыл шаруашылық саласы да өсім көрсетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнім көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артты. Мал басы саны да өсті. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасының орындалуы жоғары.
Жылдық қуаттылығы 18900 тоннаны құрайтын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасады. Оның ішінде «АРМ-Кон» ЖШС-ның «Балық түрлерін сақтау және қатыру» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар Ә.Жаңайбеков ашқан «Қуатбай» балық өңдеу цехында 7 адам жұмыспен қамтылды. 2017 жылы 590 тонна балық өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік алды.
2017 жылы ауданда 166 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы саны 21 нысанға 4,4 млрд теңге қаржы қаралған. Соның ішінде 7 мектеп, Сексеуіл кентінде спорттық-сауықтыру кешені мен учаскелік полиция бөлімшесі, 3 спорт алаңы, 3 медициналық пункт және 2 полиция бекетінің құрылысы қолға алынған.
Жол мәселесін шешу бағытында 18 жоба жүзеге асырылды. Сазды, Райым-Водакачка елді мекендеріне кіреберісі, «Арал-Әуежай-Жалаңаш» автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «СамараШымкен-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автомобиль жолының 20,6 шақырымы орташа жөндеуден өтті.
2017 жылы аудан әкімі болған М.Оразбаев жылды осындай толымды тірліктермен түйіндеді. Алда жоспарланған істер де ауқымды еді. 2017 жыл аудан халқы үшін жемісті жылдардың бірі болып тарихқа енді.
23 қараша 2021 ж. 525 0