Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада жастар мәселесі талқыланды

Қызылордада жастар мәселесі талқыланды

Бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төрағалығымен аймақтағы жастар саясаты мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Облыс бойынша NEET санатындағы жастар және Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық түлектерді жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды.
Кеңесте «Облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Асқар Құрмаш, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова және облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.
«Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың берген тапсырмасына сәйкес, үстіміздегі жылдың қараша айы NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау айы ретінде белгіленген болатын. Облыстық ішкі саясат басқармасы, барлық деңгейдегі «Жастар ресурстық орталықтары» жергілікті әкімдіктермен, салалық құрылымдармен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1-12 қараша аралығында қала, аудандар бойынша адрестік жұмыстар жүргіздік. Жас мамандардан бірнеше мобильді топ құрып, қала, кент және ауылдық округтерді аралап, сауалнамалар алынды. Облыс жастарының 38,3 пайызы қамтылды», – деді «Облыстық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Асқар Құрмаш.
Сондай-ақ, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық 26 түлекті жұмыспен қамту мәселесі қозғалды.
«Қазіргі таңда 26 түлектің 20-ның нақты жұмыспен қамтылып 6-на алдағы уақытта жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.
Осы мәселе бойынша облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова қосымша хабарлама жасап, түлектерді жұмыспен қамту мақсатында қазіргі өңірдегі кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, Қазалы, Шиелі және Қармақшы аудандарында аталған бағытта атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімдерінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарлары баяндады.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет 2022 жылдың 1 ақпанына дейін сала мамандарымен бірлесіп қала, аудан бойынша NEET санатындағы жастарды толықтай анықтауды, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын 2021-2022 жылғы оқу жылында бітіретін түлектерді жұмыспен қамту бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.

kyzylorda-news.kz
23 желтоқсан 2021 ж. 500 0