Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаттық мандаттарды бөлуге қатысты құжатты мақұлдады

Мәжіліс депутаттық мандаттарды бөлуге қатысты құжатты мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - биліктің өкілді тармағында әйелдердің және жастардың, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың да қатысуын қамтамасыз ету және пікірін ескеру, оларды мемлекеттің тыныс-тіршілігінде белсенді жұмысқа тарту.

«Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталған саясатты дәйекті түрде іске асырады.

Мемлекетіміз саясатты қалыптастыруға халықты тартуға ерекше назар аударады. 2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» Заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі нормалар енгізілді. Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін жетілдіруде маңызды рөл атқара бастады. Сайлау тізімдеріне енгізу арқылы жас кандидаттар мен әйелдерді өкілді органдар қатарына қосу мүмкіндігі пайда болды», деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Оның айтуынша, квоталау тетігі қоғамдағы проблемалық және сезімтал мәселелерді шешу кезінде әртүрлі пікірлерді ескеру арқылы норма шығармашылық процесінде «қоғамдық күн тәртібін» қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтті.

«Осы тетікті дамыту үшін Мемлекет басшысы өзінің 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметте қатысу қажеттілігін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді. Конституциялық заң жобасы әйелдер, 29 толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді», деді Қ. Мусин.

«Ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы нысаналы топтармен әртүрлі алаңдарда қаралды. Жалпы алғанда, бұл түзетулер әйелдердің, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еліміздің заң шығару органында өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болып саналатынын атап өткен жөн. Бұл заңдардың сапасына сөзсіз әсер етеді», деді Әділет министрі.

Атап айтқанда, заң жобасының ережелерін реттеудің мәні биліктің өкілді тармағында депутаттық мандаттарды бөлуге, сондай-ақ квоталанатын адамдардың тізбесіне байланысты қоғамдық қатынастар болып саналады. Өйткені әйелдер мен жастардан басқа, мүгедектігі бар адамдар үшін де міндетті квота белгілеу ұсынылады.
19 қаңтар 2022 ж. 538 0