Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет халықтың табысын арттыру жолдарын айтты

Үкімет халықтың табысын арттыру жолдарын айтты

Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендегенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Осы жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысы халықтың жұмыспен қамтылуы мәселесіне тоқталып, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізе келе, тиісті бағдарлама жобасын әзірледі. Талдау нәтижелері бойынша тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4 пайыздан 2021 жылы 2,9 пайыза дейін баяулағаны байқалды», деді министр.
Министр өз сөзінде халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалатындығын жеткізді.
«Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі керісінше, 10 пайызға өсті. Жүргізілген талдауды ескере отырып, Халықтың табысын арттыру бағдарламасында мына басымдықтар белгіленді:
  • жұмысшы жастар санын арттыру;
  • халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру;
  • бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы тағайындау;
  • еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою;
  • ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру;
  • кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру;
  • табыстың сатып алу қабілетін қорғау», деп түсіндірді Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, Үкіметтің бүкіл экономикалық саясатының жалпы мақсаты халық табысын арттыру болғандықтан, бағдарлама ұлттық жобалармен өзара байланысты. Бағдарлама аясындағы іс-шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей іс-шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге, ал жанама іс-шаралар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
10 наурыз 2022 ж. 315 0