Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіткүл Кәрімова: Ғалымдардың жобалары ел игілігіне қызмет етеді

Бейбіткүл Кәрімова: Ғалымдардың жобалары ел игілігіне қызмет етеді

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының  ғылыми зерттеу жұмыстары өндіріске енгізілді. Аймақтағы ірі компаниялардың өндірістік проблемаларын  шешуге бағытталған зерттеулер бойынша нақты нәтиже бар.
12 сәуір – Ғылым саласы қызметкерлерінің күні қарсаңында  университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен қолдау шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.  

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2021 жылы 6 конкурс ұйымдастырылған. Бұл өз кезегінде университет ғылыми жобаларын қаржыландыру деңгейінің елеулі түрде  өсуіне әкелді. Айталық, ҚР БҒМ Ғылым Комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 2021 жылы 11 жоба орындалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға  артық.
Одан бөлек облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жыл сайын  археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жылы Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбанизациялануы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қорытындыладық. Нәтижесінде екі бірдей археологымыз биыл Тюбинген университетінде докторлық диссертацияларын қорғайды.
Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы бойынша «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» атты 2021-2025 жылдарға есептелген жоба (жалпы құны 64,4 млн теңге) жалғасуда. Оған алыс және жақын шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының ғалымдары тартылған, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
   Университетте жас ғалымдардың ізденістеріне де қолдау қарқынды.  Өткен жылы университеттің жас ғалымдарына арнайы 4 грант (10 млн теңге) тағайындалды. Биыл осы гранттар игерілген соң, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне арналған жаңа конкурс жарияланбақ.
2021 жылдың қорытындысы бойынша 8 оқытушы PһD докторлық диссертацияларын  қорғады.
Брифингте Бейбіткүл Сәрсемханқызы университеттің бизнес өкілдерімен ынтымақтастығын дамыту басты назарда екенін атап өтті.
– Ғалымдарымыздың өңірдегі ірі компаниялардың өндірістік проблемаларын шешуге бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстары (НИОКР) ерекше маңызға ие. Осындай жобаларды қаржыландыруға  «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ 10,0 млн теңге, «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ  0,675 млн теңге бөлді. Жақын күндері ғалымдарымыздың жобаларын «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС, «Торғай Петролеум» АҚ компанияларына да таныстырмақпыз.
Ғалымдарымыз әзірлеген «Күріш сабанынан целлюлоза алу технологиясын оңтайландыру» және «Антисептикалық өнімдер өндіру»  жобаларын «НеоХимТех» ЖК, ал «Бақша дақылдарынан эксперименттік үлгілерді алу» жобасын «ЖасаАгро» ЖК   коммерцияландырды.          
Университет «Ғылым қоры» АҚ–мен де инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Инженерлік бейіндегі зертхана базасында ауыл шаруашылығы қалдықтарынан жасалатын тыңайтқыш-биочар өндірудің технологиясын коммерцияландыру үшін аймақтағы ірі компаниялармен жүйелі жұмыс жүргізудеміз, – деді Бейбіткүл Кәрімова.
Ел Президентінің Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу міндеті қойылғаны белгілі.
Университеттің 7 ғалымы қаңтар айында үш кезеңнен тұратын қатаң іріктеуден сәтті өтіп, АҚШ, Германия, Ресей Федерациясы, Белоруссия елдерінде 12 ай бойы тағылымдамадан өту мүмкіндігін жеңіп алды. Олардың ішінен 5 ғалымымыз бүгінде шетелдік ғылыми орталықтарда кәсіби құзыреттілігін  дамытуда.

kyzylorda-news.kz
11 сәуір 2022 ж. 655 0