Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік хатшы Қызылорда халқымен кездесті

Мемлекеттік хатшы Қызылорда халқымен кездесті

Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесу өткізді.

Ең алдымен Мемлекеттік хатшы мен Ұлттық кеңес мүшелері Қызылорда облысының активімен жүздесті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына тоқталды.
Өз кезегінде, Мемлекеттік хатшы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтты.
Кездесуде ҰҚСК мүшесі Мұрат Әбенов конституциялық реформаға қатысты түсіндірме берді. Ол саяси реформалар мен конституциялық өзгертулерді әзірлеу барысындағы талқылауларға сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің, оның ішінде Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысқанын жеткізді. Сонымен қатар, конституциялық реформаны әзірлеудің әр кезеңінде қоғамдық талқылаулар жүргізілді. Нәтижесінде жұртшылық ұсыныс-пікірлерінің басым бөлігі ескерілді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы мен ҰҚСК мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдері және облыстың қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиында білім, мәдениет және өскелең ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру мәселелері көтерілді. Қоғам өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жалпыхалықтық референдум өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Одан кейін Қызылорда облысының қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуде қоғам белсенділері, сарапшылар және мемлекеттік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жайында әңгіме қозғалды.
Бұдан соң Ерлан Қарин өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар жұмыспен қамту және жастарға арналған әлеуметтік қолдау бағдарламаларының орындалу жайын талқылады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметіне тоқталып, жас буынның елдегі қоғамдық-саяси өмірге араласуының маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, кездесулер аясында аймақтың қоғам белсенділері Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдады.
11 мамыр 2022 ж. 509 0