Республикалық штаб өкілдері шалғай ауыл тұрғындарымен референдумның маңыздылығын талқылады
«AMANAT» партиясы республикалық штабы мүшелерінің өңірлердегі кездесулері жалғасуда. Бүгін мәжілістегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Геннадий Шиповских пен Бақытбек Смағұл Арал ауданындағы сапары барысында Қосаман елді мекеніндегі сайлаушылармен алдағы референдумның маңыздылығы және оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы талқылады.
Кездесу барысында еліміз бойынша 2022 жылдың 5 маусымы күні жалпыхалықтық референдум өтетінін, соған байланысты штаб мүшелері халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастағанын жеткізіп, қатысушыларды референдумды қолдауға шақырды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өткізгелі отыр. Қазір референдум – қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі және халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасының орындалуының көрсеткіші», – деді республикалық штаб мүшесі Бақытбек Смағұл.
Ал өз кезегінде сөз алған фракция мүшесі Геннадий Шиповских конституциялық құрылымдарды жетілдіруге қатысты тоқталды.
«Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді. Реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады. Осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады деп атап өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ой-пікірлерімен бөлісіп, жұмысшы топ өкілдеріне өз ризашылығын білдірді.