Сыр елі референдумға қызу дайындалып жатыр
«AMANAT» партиясы жанындағы референдумды қолдауға арналған республикалық штабтың мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповских бүгін Қызылорда қалалық партия филиалында партия активімен және ардагерлермен кездесті.
Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың сөзінше, Конституцияға енгізілетін түзетулер билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге көмектеседі. Ал Геннадий Шиповскийдің айтуынша, бүкілхалықтық референдум мемлекет ісін халықтың өзі айқындайтындай жағдайға жеткізу үшін жоспарланып отыр. Ғалым Әміреев референдумда болашақты айқындайтын дауыс беру арқылы тарихи шешімдер қабылдантынын атап өтті.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында түрлі кездесу өткізді. Азаматтарға жалпыхалықтық референдумның маңызы мен Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндірді.
Ал партияның облыстық штабының мүшелері өткен апта ішінде «Жан-Арай» ЖШС, «Алтын Орда» құрылыс заттар маркеті, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ және тағы басқа еңбек ұжымдарымен, білім, денсаулық, мәдениет, азаматтық қоғам және сауда-логистика саласы өкілдерімен кездесті. Алдағы науқанның мән-маңызын түсіндірді. Кездесулер барысында жергілікті азаматтар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер жинақталды.
Одан бөлек, «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау тобы Қазалы ауданындағы Қожабақы, Бозкөл және Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық, Бесарық елді мекендерінде көшпелі қабылдау өткізді. Төрт ауылда өткен көшпелі қабылдауға 50-ге жуық адам қатысып, олар өздерін толғантқан түрлі мәселені ортаға салды. Оның ішінде ауылішілік жол, балабақша, аяқсу, мал жайылымы, жұмысқа орналасу сияқты жайттарды көтерді. Қабылдау барысында 20-ға жуық өтініш дереу шешімін тапса, қалған өтініштерді мобильді топ өкілдері партиялық бақылауға алды.
aikyn.kz