Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев: Мал өнімдерін өндірумен қатар оны қалдықсыз өңдеуге мән береміз

Нұрлыбек Нәлібаев: Мал өнімдерін өндірумен қатар оны қалдықсыз өңдеуге мән береміз

Мемлекет басшысының Жарлығы аясында Қыхзылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданының халқымен кездесті.
Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс міндеттерді атап өтті. Сондай-ақ, инфрақұрылым тарту, мал шаруашылығындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
«Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жыл сайын облысқа 15 млрд. теңге көлемінде қаржы бөліп келеді. Бұл өз кезегінде аз қаржы емес, оны тиімді және мақсатты пайдалансақ, өрісімізді кеңейтуге мүмкіндік бар. Қолдау шараларының арқасында мал басы санында өсім бар. Мәселен, Шиелі ауданында ет 101,7%, сүт 100,9%, мал басы 105%-дан 119%-ға дейін өсті. Ендігі кезекте мал өнімдерін өндірумен қатар оны қалдықсыз өңдеуге мән береміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Шиелі ауданында «Қазсушар» кәсіпорны теңгеріміндегі жалпы ұзындығы 83 шақырым болатын 6 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 15 дана насос қондырғысы сатып алынған. Сондай-ақ, «Сайфурхан» каналына тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда «Шиелі-Жеміс-жидек» автожолында орналасқан көпір және «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автожолы бойындағы көпірдің күрделі жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Мұнымен қоса, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан елді-мекендерінің 23 көшесін орташа жөндеу жұмыстары жыл аяғына дейін орындалады.
Кездесуде білім беру саласы мен бұқаралық спортты дамытудың перспективалары айтылды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл Гигант ауылындағы №148, Жақаев ауылындағы №149, Шиелі кентіндегі №45 мектептердің жылу қазандықтары қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ, Байсын ауылында 250 орындық мектеп құрылысы басталмақ.
Аймақ басшысы Бала би ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты, Көкшоқы ықшам ауданындағы спорт кешенінің ғимараты күрделі жөндеуден өтетінін айтты.
Басқосу соңында облыс әкімі аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, кезектілік тәртібімен азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
kyzylorda-news.kz
29 маусым 2022 ж. 641 0