Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы тағайындалды

«Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы тағайындалды

Облыс әкімінің өкімімен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы лауазымына Нариман Мақұлбеков тағайындалды.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы уақытқа дейін Шиелі ауданының әкімі лауазымын атқарған Нариман Мақұлбековке алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Нариман Әскербекұлы Шиелі ауданында бір жылға жуық уақыт еңбек етіп, ауданның дамуына сүбелі үлесін қосты.
2021 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шиелі ауданын алдыңғы қатарға көтерді.
Нариман Әскербекұлы – тәжірибелі және іскер басшы. Ол мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқара білді. Нариман Әскербекұлын білікті де білімді кадр, мықты заңгер екенін ескере келе, өте жауапты қызметке тағайындадық», – деді аймақ басшысы.
Нариман Мақұлбеков 1968 жылы Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы автобазада слесарь болып бастаған. Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтегеннен кейін Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші стажерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. Жеке секторда «Jfc colos» ЖШС директорының кеңесшісі лауазымын атқарған. Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2021 жылдан бастап осы кезге дейін Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
Ауданның зиялы қауым өкілдері Нариман Әскербекұлының әкім ретінде атқарған жұмыстарына оң бағасын білдіріп, аудан халқының атынан алғаусыз алғысын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

kyzylorda-news.kz
16 шілде 2022 ж. 433 0