Шиелі ауданында 66214 тонна Сыр салысы жиналды
Шиелі ауданында «Алтын күз – 2021» мерекесіне орай диқан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған театрландырылған көрініс, сала үздіктерін марапаттау шарасы өтті.
Айтулы шараға, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, аудан әкімі Нариман Мақұлбеков, Ы.Жақаевтың ұлы С.Жақаев, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шиелінің мерей мәртебесі күрішімен, дән ырысымен тағы да меже биігіне көтерілді. Көне тарихтың куәсі, сарабдал шежірешісі Шиелі өңірінің атағын алысқа танытқан ақ алтын – ақ күріш. Алтын дән бидай боп жайқалып, күріш боп ырғалып Шиелінің тайқазанын тасытты. Ырыс пен күріштің шаттық шырайы болған «Алтын дән» мерекесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен ақ күріштің атасы атанған, екі мәрте Еңбек Ері, әлемдік рекорд иесі, даңғайыр дихан Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр.
Мерейлі мереке барысында, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып аудан әкімі Нариман Мақұлбековке табыстады. Сонымен қатар, аудан әкімі диқандардың биылғы жеткен жетістіктерін айтып, дала еңбеккерлеріне алғысын білдіріп, мерейлі мерекелерімен құттықтап, «Алтын күз-2021» мерекесі және Ы.Жахаевтің 130 жылдығына арналған іс шарада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградаларымен, «Алтын күз-2021» мерекесі және Ы.Жахаевтің 130 жылдығына арналған іс шарада облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
Алты Алаштың анасы атанған Сыр өңірінен 102 Социалистік Еңбек Ері шықса, соның 41-і осы Шиелі ауданында еңбек етіп, осы киелі жерде Еңбек Ері атағына ие болған. Аймағымыздағы Еңбек Ерлерінің арасында өзінің есімін тарихта алтын әріптермен қалдырған даңғайыр диқан, әлемдік рекордтың иесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың орны ерекше.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы ішінде тұрақтылық пен бірліктің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде – елімізде ілкімді істер мен толымды тірліктер атқарылып, бағындырған белестерімізбен алған асуларымыз артты. Ауданымызда бірқатар жобалар жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Бүгінгі мерейтойға – ауданымыздың ауылшаруашылығы саласы судың тапшлығына қарамастан жетістіктермен жетіп отыр. Биыл аудан күрішшілері жоғары өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды», – деді аудан әкімі Н.Мақұлбеков.
Ағымдағы жылы ауданда 2021 жылдың 9 айында ауылшаруашылығы саласы бойынша 25,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,8%-ға артты. 30 189,5 гектар жерге егін егілді. Негізгі дақыл 12 039 гектар күріштің әр гектарынан 55 центнерден өнім алынып, 66214 тонна күріш салысы жиналған.
Шара соңында, аудан басшысы сала ардагерлерінің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
kyzylorda-news.kz