Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкөніске көңіл бөлінді

Көкөніске көңіл бөлінді

Биыл Арал ауданның кірісі 11 млрд  теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, аудан кәсіпкерлерінің көмегімен жыл басынан бері 3,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.
– Аудан бюджеті 10 процентке, оның ішінде өз кірістеріміз 28,6 процентке өсті. Бүгінде инвестиция тарту қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін 17,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда тұр.
Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 11 млрд теңге болатын өнім өндірді. Оның 70 проценті өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Алты айдың асуында аудан бойынша барлығы 361,8 мың тонна тұз, 141,8 мың тонна йодталған тұз, 54,3 мың шаршы метр табиғи құм қазылып, 2121 тонна балық, 156 тонна ет, 640 тонна нан және нан өнімдері өндірілді, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Серік Сермағамбетов.
Бұдан соң аудан басшысы өңірдегі тыныс-тіршілікті былай сабақтады. Бүгінде ауданда индустриялық-инновациялық дамуға да серпін беріліп, 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 158 млрд теңге болатын ірі жобалардың қатарында «Мал бордақылау алаңы және шұжық өндіру цехы», «Aral Quartz» ЖШС-нің «Құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру зауытын салу» мен «Аралтұз» АҚ-ның «Қап зауытының құрылысы» жобалары бар.
Күн санап дамыған аудан орталығынан индустриялық аймақ ашылып, жер телімі рәсімделді. Мұнда жалпы 4 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 21 азаматты жұмыспен қамтитын 2 жоба іске қосылды. Бір қуантарлығы, биыл мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 37 жоба несиелендірілген. Одан бөлек, 18 жоба оң шешім тапқан.
Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша да ілгерілеушілік бар. Жергілікті тұрғындар «Сыбаға» бағдарламасымен мал басын асылдандыруға ден қойған. Соның нәтижесінде, бұл салада өсім байқалып, көрсеткіш бірнеше есе артып отыр. Былтыр ауданның бір шаруа қожалығы Ресейден 58 бас «Қалмақ» тұқымды ірі қара әкелсе, биыл жыл басында тағы бір шаруашылық 44 бас қазақтың ақбас сиырын алып, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар қатарын толықтыруда. Бүгінде барлығы 14 шаруашылық асылтұқымды мал өсіруде.
Сондай-ақ, биыл тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологияларын қолдану арқылы бақша дақылдарын егу қолға алынған. Соның дәлелі ретінде Қарақұм беткейдегі Атанши ауылында егілген қара қарбызды айтуға болады. Брифингте аудан әкімі Сыр беткейдегі ауылдар көкөніс өсіруді қолға алғанын және жыл санап олардың қатары көбейетінін айтты. Осы тұста айта кетейік, былтырғы қуаңшылық елге еңсе көтертпей қойғаны рас. Сондықтан биыл қуаңшылықтың алдын алу үшін 8 ұңғыма қазылып, 6 канал тазартылуда.
Арал ауданының экономикасын дамытуға негізделген жұмыстар мұнымен біткен жоқ. Мұнда білім саласына көңіл жақсы бөлінуде. Биыл аудан орталығынан кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау нәтижесінде «Зере» және «Балақай» жабық ойын-сауық алаңдары бой көтерді. Бұған қоса, балабақшасы жоқ елді мекендер қатарындағы Тоқабай ауылынан 30 орындық «Бекзия Ана» жеке балабақшасы ашылып, пайдалануға берілді.
– Ауданда халық санының өсуіне байланысты алдағы бірнеше жылда білім ордаларын салу көзделіп отыр. Сәтін салса, Арал қаласы, Сексеуіл кенті, Ақшатау, Қамыстыбас, Шижаға, Сапақ ауылдарын жаңару мен жаңғыру күтіп тұр. Айтпақшы, «Балалар жылына» орай Шөміш елді мекенінде «Латон-Маркет» ЖШС-нің демеушілігімен әмбебап кіші спорт алаңы құрылысы басталып, қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарлануда, – деді аудан әкімі.
Мұнда жыл басынан бері 1,3 млрд теңгенің құрылыс  жұмыстары  жүргізілген. Бұдан бөлек, автомобиль жолдарын жақсарту үшін 1,2 млрд теңге бөлініпті. Былтыр бастау алған аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолына қосымша қаржы бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары жалғасуда. «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасымен Арал қаласына кіреберіс автожолды жарықтандыруға ел қазынасынан қаражат бөлініп, мердігер мекеме тиісті жұмыстарды бастады. Сондай-ақ, аталған бағдарлама арқылы Арал қаласындағы 5 көшені жарықтандыруға қаржы қаралды. Көнту елді мекенінде де ауызсу желісін жүргізу аяқталып, тұрғын үйлерге кіргізілуде.
Айдынды Аралдың негізгі тіршілік көзі балық екені көпке аян. Мұнда да игілігі мол жұмыстар жетерлік.
– Биыл 6590 тонна балық ауланып, 1600 тонна балық өнімдері өңделді. Сонымен қоса, тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көл тізімге енгізіліп, 3 тоған шаруашылығын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Аталған жобалар жүзеге асса, ішкі нарық балық өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етіледі, – деді аудан әкімі.
Арал ауданы І жартыжылдықты осындай толымды нәтижелермен қорытындылады. Аудан әкімінің айтуынша, жыл аяғына дейін жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы қамтамасыз етілмек. Оның ішінде ауданға барлық көздерден инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру міндеті тұр. Сонымен қоса, жыл аяғына дейін аяқталуға тиісті жобаларды уақытылы және сапалы пайдалануға беру де назардан тыс қалмайды.
Ақтілек БІТІМБАЙ

syrboyi.kz​​​
04 тамыз 2022 ж. 508 0