Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейту керек

Нұрлыбек Нәлібаев: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейту керек

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылдың қаңтар-шілде айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Отырысқа онлайн режимде бірқатар министрлер мен барлық өңірдің әкімдері қатысты.

Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Айталық, Қызылорда өңірі негізгі капиталға салған инвестиция көлемі және тұрғын үйді пайдалануға берудің көлемі бойынша алдыңғы қатарда. Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар, бұл ретте мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірде бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер төмендегенін ескертіп, сала басшыларына жиын өткізді.

«Өңдеу саласындағы өндірісті арттыру тетіктерін анықтау міндеті тұр. Құрылыс жұмыстары қалада қызу жүргізілуде. Жүргізіліп жатқан құрылыстардың статистикалық органдарда есепке алынуын қамтамасыз ету керек. Жуырда ғана барлық аудан әкімдерін жеке-жеке қабылдап, бұл мәселелер егжей-тегжейлі қаралды. Тиісті тапсырмалар берілді. Осы тапсырмалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне экономикалық өсімді ай сайын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Биыл пайдалануға берілуі жоспарланған әлеуметтік нысандардың мерзімінде берілуін, индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға жоспарланған жобаларды іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейту керек», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сонымен қатар облыс бюджетінің игерілуі бойынша да атқарылған жұмыстар сөз болды.

Облыс әкімі бюджет қаражатының уақытылы игеріліп, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.


kyzylorda-news.kz

16 тамыз 2022 ж. 505 0