Нұрлыбек Нәлібаев: Ауылдың екі ортасында жүріп, қатынап қызмет етуді доғару керек
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Байқоңыр қаласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды. Басқосуға облыстық мәслихат хатшысы, құқық қорғау органдарының басшылары мен облыс әкімінің орынбасарлары және сала мамандары қатысты.
Жиында Байқоңыр қаласындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелері, қоғамдық-саяси ахуал сөз болды. Оның ішінде байқоңырлықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және білім беру мәселелері сараланды.
Облыс әкімі Байқоңыр қаласы халықаралық ерекше статусқа ие және ондағы мәселелер, қоғамдық-саяси ахуал Мемлекет басшысының және Үкіметтің ұдайы назарында екенін жеткізді.
Отырыста Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Байқоңыр қаласында тұратын азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді.
Бүгінде Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссия шешімімен Байқоңыр қаласының жылу электр орталығына қазақстандық табиғи газ жеткізілді. Бұл өз кезегінде коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуіне оң әсер етеді. Сондай-ақ, Байқоңыр әкімшілігімен бірлесіп, қаладағы тұрғын үйлердегі пәтерлерді жұмыс уақытына қалалық коммуналдық мекемелердің қызметкерлеріне беру мәселелері келісілді. Ал, Қазақстан тарапы құрылысын жүргізіп жатқан 50 пәтерлі 5 тұрғын үй байқоңырлықтарға табысталмақ.
Жиында Байқоңыр қаласын ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін ең бірінші кезектегі мәселелерді ресейлік тараптармен бірге шешу қажет екенін алға тартты.
Облыс әкімі кез келген шиеленіс жағдайын болдырмас үшін құқық қорғау органдарының басшылары ауданда, ауыл әкімдері, учаскелік инспекторлар отбасымен бірге елді мекенде тұруы қажет екенін еске салды. Бұл талап Байқоңыр қаласындағы жергілікті атқарушы және құқық қорғау саласының басшыларына тікелей қатысты екенін баса айтты.
«Қала мен ауылдың екі ортасында жүріп, қатынап қызмет етуді доғару керек. Халықпен бірге, елмен етене араласып, жұмыс жасаңыздар. Елді мекенде орын алған әрбір мәселені уақыт ұттырмай шеше білу өздеріңізге байланысты. Сонда ғана қоғамдық ахуалды тұрақты ұстап тұра аласыздар. Өз аймақтарыңызда халықпен ай сайын кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізіп, елдің пікіріне құлақ асып, оңтайлы шешім қабылдауларыңыз қажет. Дәл осындай жұмыстарды құқық қорғау органдары да жүргізуі тиіс. Бұл тапсырмаға жеткілікті деңгейде мән беріңіздер», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Аймақ басшысы құқық қорғау саласының өкілдеріне қоғамдық ахуалды қалыпты ұстау үшін түрлі рейдтер мен кезекшіліктер ұйымдастыруды тапсырды. Ал, орынбасарлары мен басқарма басшыларына Байқоңыр қаласындағы тұрғындардың шағымы негізінде жеке кездесулер өткізіп, білім, медицина, жұмыспен қамту салаларындағы мәселелерді орнықты шешудің жолдарын қарастыруды қаперге салды. Сондай-ақ, халыққа қолайлы бағада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды міндеттеді.
Жиын соңында облыс әкімі сала басшыларына Байқоңырды дамыту мәселелерін ұдайы назарда ұстайтынын жеткізді.
kyzylorda-news.kz